Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушылары Жангерей Зинелов пен Данагүл Келдібай Халықаралық IESO олимпиадасының жекелей есебінде қола жүлдегер атанды.

14-інші халықаралық білім бәйгесін биыл Түмен мемлекеттік университеті ұйымдастырды. 34 елден 200-ден астам оқушы қатысқан додада зияткерлік мектеп атынан 3 оқушы бақ сынады. Олардың екеуі үшін олимпиада сәтті аяқталды.

‒ Бұл олимпиадада 4 сағат бойы Data Mining Test (DMT) орындадық. Тапсырмаға сәйкес геология, метеорология, мұхиттану, астрономия бағытында екі тәуелсіз тақырыптық зерттеулерді шешіп, оларды саралау керек болды. Білімімізді шыңдай отырып, тәжірибе алмастық, – дейді Жангерей.

IESO – жер туралы ғылым бойынша әлем оқушыларының жарысы. Республикалық кезеңдерде оза шапқан жас геологтар әлемдік кезеңде білімдерін саралайды. Пандемияға байланысты жарыс қашықтан ұйымдастырылып, оқушылар «good» (қола), «very good» (күміс), «excellent» (алтын) болып бағаланды.

«Бұған дейін жеңімпаздарға Назарбаев Университетінің оқу гранты тағайындалса, биыл Ресейдің ұлттық зерттеу институтының, Жоғары экономика мектебінің білім грантын тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндіктері болады», – дейді жетекшісі Мұхтар Әбілмаев.