Nur Otan партиясының Сырдария аудандық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Карантин талаптарына сай ұйымдасты­рылған кеңес отырысына кеңес мүшелерімен қатар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша атқарушы орган өкілдері де қатысты.
Кеңес төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы Nur Otan партиясының «Өзге­ріс­тер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлау­алды бағдарламасын орындау мақсатында Қоғамдық кеңестер құрылғанын айта келе, Жастарды қолдау жө­нінде қоғамдық кеңес өз жұмысын жаңадан баста­ғанын атап өтті.
– Бүгінгі күнге дейін Жастарды қолдау жөнінде­гі қоғамдық кеңестің міндеті, мақсаты, жалпы ере­же­сі, кеңес құрамы, өкілеттілігі жөнінде ақпарат­тар ұсынылды. Бүгін біз күн тәртібіне екі мәселе ұсы­нып отырмыз. Оның біріншісі жастар арасындағы кәсіп­керліктің дамуы туралы болса, екіншісі аудандағы жалпы жастар саясатының жүзеге асырылу барысына арналады. Екі мәселе де ауданымыздың жастары үшін аса маңызды. Біз Nur Otan партиясының сай­лау­алды бағдарламасында айқын көрсетілген ба­ғыт­­тардың орындалуына үлес қосып, мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуіміз қажет, – деді Кеңес төр­ағасы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Сырдария аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Л.Қозыбаева хабарлама жасады.
– Аудан бойынша 2021 жылдың 1 шілдесінде 2579 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік саны 2377. Жас кәсіпкерлер саны – 512. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2021 жыл­дың І жартыжылдығында 175,6 млн теңгенің 36 жобасы несиелендірілді. Оның ішінде 6 жас кәсіп­кердің жобасы 21,0 млн теңге несие алған. Олар­дың басым бөлігі мал басын көбейту, бордақылау се­кіл­ді жобаларды қамтиды, – деді бөлімнің сектор мең­герушісі.
Атап өту керек, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламала­ры арқылы 62 жас кәсіпкердің жобасы 111,9 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл – барлық бағдарлама бойынша құны 945,1 млн теңгені құрайтын 258 жобаның 11,8 пайызы. Айта кетейік, ауданды дамытудың Жол картасы бойынша «Жастарға арналған аудан» басымдығы бойынша жыл сайын 7 жас кәсіпкерге грант беріліп келеді. Ауданда бүгінде 14-29 жас аралығында 10 200-ден астам жас бар. Бұл – аудан халқының 26,4 пайызы. Биыл ау­дандық жастар орталығы жұмыссыз жастардың қа­ты­суымен 62 іс-шара ұйымдастырған. Оның ішінде қа­йы­рымдылық акциялары, рейд, психологиялық се­ми­нар, туристік слет, спорттық іс-шаралар мен кезде­су­лер бар. Қазіргі таңда тіркелген және тіркелмеген жас­тарды қоса есептегенде ауданда 470 жас жұмыс­сыз.
– Жастардың осал топтарына кіретін маргинал жас­тар – орталық жұмысының негізгі бағыты. Олар қоғамдық жұмыстарға тартылып, кәсіпкерлік курста­рына қатысуда. Пробация есебінде тұратын жастар 11, оның әлеуметтік картасы жасақталып, үш топқа бөлінген және әлеуметтік көмектер көрсетілуде. «Жастар бригадалары» арқылы 81 жас тұрақты жұ­мыс­пен қамтылды. Отбасылық құндылықтарды сақ­тау мен нығайту мақсатында «Әкелер мектебі» мен «Еркежан» қыздар клубы құрылып, жұмыс істеуде, – деді Д.Баджанова.