Сырелі – жыраулар арқау еткен құтты мекен. Ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген жас өнерпаздар еліміздің мәдени өркендеуіне үлкен үлес қосуда. Қазақтың қасиетті де қастерлі домбырасын жанына серік еткен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Темірхан Бейбіт солардың қатарында.

– Күйшіліке ден қойғандар аз емес. Бірақ бұл өнер табыс әкеле ме?

  –  Жоғары оқу орнында жүрген кезден бастап табыс табуға болады. Себебі жасөспірімдерге арналған домбыра, фортепиано және  т.б жекеменшік үйірмелер қазіргі таңда танымал. Жылдан жылға қарқынды дамып, кәсіп көзіне айналуда. Көптеген қала немесе ауылда домбырашы немесе жақсы орындаушыға сұраныс өте көп.  Домбырашы қабілетіне байланысты филармония жанынан құралатын ансамбльде немесе оркестрде де өнер көрсете алады. Жеке орындаушы ретінде де қарыштауға мүмкіндік бар. Балалардың қабілетін қанаттандыру шығармашыл жасөспірімдерге шарықтауға мүмкіндік. Осы орайда еш үміт жоқ деген күннің өзінде домбырашы шалғайдағы аудан мен ауыл балаларына оқытушы бола алады.

 – Күй қоржыныңызда қандай шығарма басым? Сыр бойының күйшілік мектебі сізге қаншалықты ықпал етті?

 – «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмаған. Сыр бойындағы күй өнері жырдан бастау алатын болғандықтан, күйдің басым көпшілігі жыр тектес болып келеді. «Әр өңірдің адамдарының қанында сол топырақтың өнері бар» деген ойға толықтай келісемін, себебі менің сүйіп орындайтын, барынша сезініп тартатын күйлер осы Сырдың қастерлі  қойнауынан шыққан. Әрбір домбырашының жадында күй ойнар алдында «Күйді түсінгің келсе, Қазанғапты орында» деген нақыл сөздері жаңғырады. Қазанғап күйлері күйді түсінудегі тәжірибемді әлі күнге дейін қалыптастыруға ықпал етіп келеді.

 – Өзіңіз шығарған күйлер несімен ерекше? Еліктеу мен өзге авторлардың мотивтері қайталанды деп ойламайсыз ба?

 – Домбырашы ретінде ауыз толтырып айтатын сәтті күйлерді шығардым. Бұлай айтатын себебім, ұстаздарымның сынынан сүрінбей өтіп, жоғары бағаға ие болдым. Туындыларымда Сыр бойы күйлерінің мотивтерін негізге алдым. Жыр тектес және қазіргі заман күйші композиторлардың қиялын, очеркісін қолдана отырып, көптеген дүние жарыққа шықты. Әрине, жас домбырашы даму үстінде болғандықтан, еліктеусіз болмайды және бұны бұрыс деп қабылдау әбестік болар. Ұстаздарымның жолын қуып, сол кісілер секілді өз қолтаңбамды қалдыру мақсатым.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Нұршат Нышанова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!