Айдос Сәдіров  – белсенді жастың бірі. Ол бүгінде облыстық жастар ресурстық орталығында жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу бөлімінің кеңесшісі. Мұның алдында Қызылорда қаласының «Қай­сар» командасына қолдау көрсе­тер «Жастар фанклубының» құ­рыл­тайшысы және ұйымдас­ты­рушысы, Қызылорда облыс­тық «Жасыл ел» жастар ең-

б­ек жасағының жетекшісі, «Жас құрылысшылар» еңбек жа­сағының жоба үйлесті­рушісі, облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің маманы, “Қызылорда облысының жастар одақтары” қоғамдық бір­лестігінің жоба үйлестірушісі қызметтерін атқарған. Кейіпкеріміздің Тәуелсіздікке қатысты ой-толғамын оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Ата-бабамыздың арманы

Егемен еліміз 16 желтоқсанда салтанатты жағдайда Ұлттық мереке — Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Ел жастарының басын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған қыршын ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Меніңше республикамыздың табыстарына барлық адамдар сүбелі үлес қосып келеді. Ұрпақтарының ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын деп көксеген ата-бабамыздың арманы орындалған осы шақта баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін!

Тәуелсіздікті мақтан тұтамыз

Желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашанда бөлек. Сондықтан «толарсақтан саз кешкен» батыр бабалардың әр жылда төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтардың асқақ арманының, сәбиін білегімен, даласын жүрегімен тербеткен аналардың көз жасының, Жаратқаннан тілеген медетінің арқасында қол жеткізген Тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Біле білсек, бұл біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз. Еуразия жүрегінде, өркениеттің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр кешуімізге тілектеспін.

Патирот отбасын жақсы көруден басталады

Патриот – ұлтын сүйетін, өз тарихын, туған тілін құрметтейтін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрін дәріптейтін, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыруға үлес қосатын саналы тұлға. Туған елі үшін үнемі тер төге қызмет етіп, халқымыздың мол рухани құндылықтарын бағалай білетін асыл тұлға. Патриоттық тәрбие, ең алдымен, әрбір жеке тұлғаның ата-анасын, туған-туыстарын жақсы көруден басталады емес пе?! Өз баласына жақсы тәрбие беру кез келген адамның міндеті, мейлі ол мұғалім, мейлі ол жұмысшы, дәрігер, не тағы басқа маман иесі болсын қоғамда парасатты, адамгершілігі жоғары бала тәрбиелеу кез келген адамның міндеті болуға тиіс. Тату тірлік пен ауызбіршілігі қанатын кең жайғанда адамгершілік атты асыл қасиеттің адам бойына нық қонатынына, әрине, еш шүбә жоқ. Абай атамыз айтқандай, бүгінгі жастардың дүниенің кетігін тауып, қалануды көздеу, қоғамдық өмірден қол үзбей, өз елін сүюге, өз елінің тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын білуге тәрбиелеу зор міндеттердің бірі деп ойлаймын. Осы тәрбиенің ең маңыздысы – балаға патриоттық тәрбие беру.