Моби­ло­графия – қыр-сыры мол сала. Телефон­ның камерасы арқылы күнделікті көріп жүрген дүниелерге басқа ракурстан қарауға мүмкіндік беретін мобило­графтардың жұмысы да шыға­р­машылыққа толы. «Темір қыз» деген атпен танымал Зарина Нұрлан­қызының бұл салаға келгеніне біраз болған екен. Өміріндегі сынаққа сынбай, бір қолымен жұмыс істеп келген арумен әңгіме өрбіткен едік.

«Те­мір қыз» атануы­ңыздың сыры неде?
– Өзім қызылордалықпын. 2011 жылы Астана қаласына отбасымызбен көшіп кеттік. Жалпы 2020 жылдан бастап маркетинг саласындамын. Осы бағытта ізденіп жүріп, хобби ретінде велоспортпен айналысатын едім. Бір күні Бурабайға жолым түсіп, сонда велосипедпен жоғары биіктіктен құлап, жарақаттандым. Қолым сынды. Бұл оқиға 2022 жылы 2 шілдеде орын алды. Өмірімді өзгерткен күн болғандықтан әлі есімде… Шынтақ, шынтақтың асты бәрі сынған екен. Содан бері бір қолымның 40-45 пайызы жұмыс істемейді. Өткен жылдың шілдесінен бері 3 операциядан өттім. Қолым сынған соң бірден Шучинск қаласында бір операция жасалды. Кейін Астана қаласында толықтай тексеріліп, сынған қолымды жинап шықты. Міне, осылай «темір қыз» болып шықтым. Ал осы жылы 6 сәуірде қолыма 4-інші рет операция жасалды.
Құдай барлық адамға бірдей тәулігіне 24 сағат, аяқ пен қол береді. Алайда өзгелерден өр рухыңызбен ерекшесіз. Сізге мотивация беретін не?
– Әрине, адам алдағы күнін болжай алмайды. Басыңа не түсетінін, тіпті, екі күннен соң не болатынын білмейсің. «Құдайдың күлдірткің келсе, жоспарыңды айт» деген тәмсіл содан қалса керек. Себебі бір құдайдың ғана бұйыртқаны болады. Мен де ешқашан осындай апатты жағдайға ұшырап, бір қолым жұмыс істеуге жарамсыз боп қалады деп ойламадым.
Операциялар жасалған соң бір ай ішінде қайтадан жұмысыма, өзім бастаған жобаларға кірісіп кеттім. Қайтадан қалыпты өмірге оралып, идеядан идея туындап, жемісін берген жобаларым да арта түсті. Әрекетке – берекет. Мұның барлығы ең алдымен бір құдайдың арқасы деп білемін. Екіншіден, өзімнің айтқанымды іске асырмай, дегеніме қол жеткізбей қоймайтын қайтпас мінезімнен шығар. Тіпті, қазірдің өзінде осындай апатқа ұшырағаныма, өмірімде орын алған қандай да бір қиындыққа еш өкінбеймін. Кез келген сынақ – жетістікке көтеретін саты. Мықты адамдармен жұмыс істеймін. Олардан үйренерім де, үйретерім де көп. Көбісі менің жағдайыма қарап, одан сайын алға жылжуға мотивация алады.
Төсек тартып жатып қалғанымда, шектеудің бәрі миымда болды. Өйткені «тұра алмаймын, ары қарай ештеңе жасай алмаймын» деген ойлар келетін. Тіпті, «мүгедектік» санатына кіріп алуымды ұсынған таныстарым да бар. Осындай қиын сәтте физикалық, психологиялық тұрғыдан көмектескен, жанашырлық танытқан ет жақындарым – ата-анам мен отбасым. Ең жақын достарыма, тілекшілеріме шын жүректен алғыс айтқым келеді. Төсекке таңылып, апатқа ұшыраған адамға бір жылы сөздің өзі әсер етеді екен. Бір күні америкалық «Пазманский дьявол» деген фильмді қарадым. Оның маған үлкен күш-жігер бергені соншалық, мені төсектен тұрғызып, басымды тік көтеруіме себепкер болды. Шынымды айтсам, бұл апаттың менің басымнан өткеніне қуанамын десем де болады. Себебі сол 2 шілдеге дейін басқа адам едім. Қазір басқа адаммын. Көп нәрсеге көзқарасым өзгерді, әр сөзімді ойланып айтамын.
Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Алдағы жоспарым – Астана қаласынан маркетингтік компания ашу, жаңа, тың жобаларды қолға алу. Қазір командамда өзімнен бөлек 3 адам бар. Оның үстіне сынған қолымның 40 пайызын қалпына келтіргендіктен, екі қолым да жұмыс істеуге келеді. Қандай жағдай болмасын, өміріме, денсаулығыма шағымданған емеспін. Сондықтан алға сүйрейтін армандарым, мақсаттарым барда қозғалыс та бар.
– Әдемі әңгімеңіз үшін алғыс!

Сұқбаттасқан Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!