Шетелдік фильмді қазақша сөйлету оңай емес. Мәтінді тез оқу, бір мезгілде экранға қарап, микрофонға сөйлеу, кейіпкер эмоциясын беру ерік-жігерді талап етеді. Сынықтан сылтау іздеу істі өнімсіз етеді. Демек ешбір кедергіге қарамай көш бастау жемісін берері сөзсіз. «Dopamine Voice» тобының мүшесі Ерсұлтан Рымтайдың жас болса да айтары көп. Бүгінде жеке студиясы бар. Кинотеатр мен телеарнадан тапсырыс алып, дубляж жұмысын жандандырып жүр.

            «Тикток» танымал етті

Дубляж саласында жүргеніме 2 жыл болды. Кастингтен өтіп, «Dopamine Voice» тобына қабылдандым. Яғни топ дайындаған видеоны дыбыстап, желіге жүктедім. Содан кейін қабілетімді байқап, бір-бірімізбен байланыстық. Ұжымда ұйымшылдықпен жұмыс істейміз. Жинаған тәжірибе жетерлік. Мазмұнды аударма мен жақсы дыбыстаудың нәтижесінде тыңдарман таптық. Бұл – біз бағындырған бір белес. «Dopamine Voice» тобымен бірлесе жапондық аниме мен бірнеше фильм, мультфильмді дыбыстадық. Сондай-ақ «Сенің есімің», «Хаулдың жаяу қамалы», «Сиқырлы шайқас», «Етік киген мысық – 2» толықметражды фильмінің қаралымы да жаман емес.

Қорада дыбыстаған күндер болды

Бұл сала қызықты әрі күрделі. Өйткені көзге көрінбейтін қиындығы көп. Алғашында әр қаладан онлайн түрде дыбыстап бастадық. Ол уақытта арнайы студия, жеке жабдық болмады. Тіпті микрофон жоқ болғандықтан телефон пайдаланып жүрдік. Бөлмеде дауыс жаңғырып шықпас үшін дыбыстың таралуына тосқауыл қою мақсатымен дыбыс толқынын жұтатын орын тандайтынбыз. Үйде айғайлап дыбыс жаза алмағандықтан, сыртқа шығып, кейде қораның ішіне, яки киім астына кіріп дыбыстауды дағды еттім. Мұндайда анам келіп, түсінбей «не істеп отырсың?» деп сұрайтын. Міне, жұмысты осылай бастадық. Есесіне тәжірибе мол. Қазір үлкен студия бар.

Дубляжда қоңыр дауыс емес,
кейіпкер мінезін көрсету маңызды

Әлбетте әртістік шеберліктің рөлі басым. Өйткені үннен бөлек кейіпкердің болмысын көрсетіп, дауыс пен мінезді тоғыстыру қажет. Сонда көрерменнің де кейіпкерді қабылдауы жеңіл болмақ. Ағылшын, жапон тілдерін қазақша мақаммен келтіріп, тыңдағанда құлаққа түрпідей тимейтіндей ету керек. Дегенмен әртістік қабілетті қосып, іс-қимылды әрлендіру мен пародияны шатастырмаған ләзім. Дауысқа келер болсақ, ол табиғаттың берген сыйы. Бірінде жуан, енді біреуінде жіңішке. Сондықтан оны түпкілікті өзгерту мүмкін емес, тек арнайы жаттығулар жасап құбылтуға болады. Сондықтан әр дыбысты режиссер кейіпкерге лайықтап таңдайды.


Нәзік
ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!