«Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының белсенділері ұйымдасып, жыл сайын баспанаға аса мұқтаж отбасыларға баспана кілтін табыстауды дәстүрге айналдырған.

             Биыл қасиетті Рамазан айында белсенді жастар бір жұдырықтай бірігіп, баспана құрылысын жүргізді. Көптің қолдауымен 30 күн ішінде тұрғын үй құрылысы аяқталып, баспана кілті мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған Жаңақорған кентіндегі жалғызбасты анаға бұйырды. Баспана кілтін табыстауға аудан әкімі Руслан Рүстемұлы да қатысып, ізгілікті іс жасаған ерікті жастарға алғысын білдірді. «Жастардың қоғамға деген қамқорлығы әркімді де қуантары сөзсіз. Бұл – жастар бірлігі мен тату тірлігінің айқын көрінісі. Осындай озық және ортақ істе әрқайсыңыздың үлестеріңіз мол. Елдің әлеуметтік жағдайына жанашырлық таныту – азаматтық парыз. Рахымы мол Рамазан айында қайырымды істеріңізбен белсенділік танытқандарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіремін. Ұйымшыл жандардың ортасына айналған «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобы мәдени-рухани кемелденуімізге аянбай қызмет ете береді деген сенімдемін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық,

бақ-береке тілеймін. Халықаралық отбасы күніне тұспа тұс келіп, баспаналы болған отбасының қоныс тойы құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ауызбіршілігіміз арта берсін!» – деген тілегін жеткізді.

        Бұл жаңақорғандықтардың алғашқы да, соңғы қайырымдылық жұмысы емес. Асар әдісін тиімді пайдаланған жастар жетінші отбасыны баспанамен қамту жұмыстарын бастап кетті. Ол кісінің өзінің жері бар, соған баспана көтеруді жоспарлап отыр. Бір қыздың еміне 5 миллион қаржы жиналған. Сондықтан тұрғындарға әзір ауыртпалық салуды жөнсіз деп санап отыр. Жаңақорғанда камазис жүргізушілер қауымы бар. Солардың уатсаптағы тобына дайындаған видеороликті жіберген, есесіне ойламаған жерден жұмысты бастап кетті. Есік алдын тазалауға 5 камаз тас, фундамент құюға екі камаз тас түсіріп кетті. Оны да биыл болмаса келер жылы табыстайды деген үміт бар. Бұл туралы «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының мүшесі Самат Әбдіш кеңінен тоқталды.

     «Баспанаға мұқтаж отбасыларды баспамен қамту жұмыстарын Рамазан айында жүргіземіз. Ол уақыт аралығында дайындық жұмыстары басталады. Әркім өзінің қолынан келетін жұмыстарды бөліп алады. Мәселен, фундамент құюды, терезе салуды, есік пен шатыр салу жұмыстарын кәсіпкерлер, қолынан іс келетіндер жасайды. Ал қайырымдылыққа түскен қаржы құрылысшылардың жұмысына кетеді. Бұл біздің алтыншы баспанамыз. Төрт баспананы ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлердің көмегімен салдық. Екі баспананы жиналған қаржыға сатып алдық. Көбіне жұмыстар материалдық тұрғыда жүзеге асады. «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорында 200-ге тарта мүше бар. Оның ішіде әр саладан қамтылған 12 кеңес мүшесі бар. Мәселен, заңгер, мұғалім деген секілді әр саланы қамтиды. Осы құраммен Рамазан айының аяқталуына екі апта уақыт қалғанда тұрмысы төмен, баспанаға мұқтаж деген отбасылардың барлығының үйін аралап шықтық. Олардың ағайындарымен де сөйлестік. Көмектесуге ешқандай мүмкіндіктері жоқ па соны білдік. «Неге ол отбасына берілді» деп қарсылық танытып жатқандарға жалпылама түсіндіреміз. Жағдайды баяндаймыз. Бұл отбасын таңдаудың да өзіндік себептері бар. Әсем Бұхарбаеваның үйіне түсіп тұрған табыс көзі жоқ. Қызы мүгедек соған берілетін жәрдемақыдан басқа бұл отбасында күнелтетін ештеңе жоқ. Оның үстіне ұлының құлағы 1-2 жыл бұрын естімей, дәрігерден дәрігер жағалап жүрген жайы бар. Өзінің пәтер жағалап келгеніне жылдар болды. Тұрақты жұмысы жоқ, қызына қарайтын адам да жоқ. Сондықтан біреудің ыдысын жуып, үйін тазалап беру сынды қосымша жұмыстармен айналысып келген. Бұл отбасы «менің тұрмысым төмен, маған қайырымдылық көмек көрсетсеңіздер» деп алақан жаймайды. Бір ерекшелігі, өзі де қайырымдылықпен айналысқанды құп көреді. Ешкімге білдірмей артық нәрсесін өзгеге береді. Мәселен, «тұрмысы төмен отбасы» деп азық-түлік әкелсеңіз, өзіне керегін алып қалады да, артылғанын өзге тұрмысы төмен отбасыға табыстайды. Сосын науқас баланы көрсе, еміне деп қолында бар қаржысын аударып жібереді екен. Мұның өзі тұрмысы төмен отбасы үшін үлкен сауапты іс емес пе?! Әсем Бұхарбаеваның отбасын 5 жылдан бері бақылап келеміз. Бұған дейін азық-түлікпен қамтамасыз етіп келдік. Екі-үш күн дегенде баспана сыйлауға әрең көндірдік. Қадір түнінде қызы екеуі Алладан баспаналы болуды сұрапты. Ертесі күні біздің қор азық-түлік апарыпты. Сол сәтте бір жақсылықтың нышаны байқалғандай болыпты, – дейді Самат.

    Баспана салуда үлкен көмек көрсетіп, басы-қасында жүрген жастың бірі Данияр Досантаев. Ол кәсіпкер. «Жаңарған Жаңақорған жастары» қорының белсенді мүшесі.  

         – Рамазан айында барлығы тегін жұмыс істейді. Жүк көлік жүргізушілері бір ай бойы тегін жұмыс істейді. Халық сенім артқан соң жыл сайын атсалысып келеміз. Үйдің көлемі 7.8 болып басталды. Қазіргі таңда үлкейіп жатыр. Оның үстіне ремонттап, ішіне дүниесін да кіргізіп беруде. Кімде қандай мүмкіндік бар. Солай көмек көрсетіп жатыр. Бірі тоңазытқыш, кілем секілді дүниелерді беруде. Барлығы да Рамазан айында сауап үшін атсалысты. Алла разы болсын. Бір үйді 30 күнде аяқтадық. Құрылысында ешқандай ақау болмайды. Нұрлан Кенжебеков есімді азамат фундаментін өз қаражатынан құйып берді. Сәбит Өндірбайұлы жыл сайын 200-300 мың көлемінде көмек көрсетеді. Исаев Нұрмағанбет әулеті жыл сайын баспананың шатырын өзі тікелей жауып береді.

      Бұл «Жаңарған Жаңақорған жастары» ұйымының белсенді жастары ұйымдасып аз қамтылған отбасыларға табыстаған алтыншы баспанасы және мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай да қайырымдылық істерді жалғастыруды көздеп отыр.

      – Біздің баспаналы болуымызға атсалысып жатырған барша азаматтарға алғысым шексіз. Жақсылықтары Алладан қайтсын. Баспаналы болғаным үшін қуаныштымын. Тахажуд намазын оқыған кезде өмірімде алғаш рет шын көңіліммен Алладан тіледім. «Биыл баспаналы болайыншы» дедім. «Жақсылықты жария қылмайды» дейді ғой. Бірақ мен өзім де көп жақсылық жасаймын.  Өзімді біреуден артық немесе кем санамаймын. Қиналған да емеспін, қиналдым деп айтқан да емеспін, – дейді баспана кілтін алған Әсем.

        Игілігі мен сауабы мол шараға ауданымыздың бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлы да арнайы келіп, Қасиетті Рамазан айында жастардың қайырымды істеріне батасын берді.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!