Елде түрлі бағдарламалар кең өріс алып, жастардың қоғамның белсенді мүшесі болуына, бойындағы қарым-қабілетті танытып, өзін көрсетуге көп мүмкіндік беруде. Осындай бастамалардың бірі – «Президенттік жастар кадрлық резерві».
Бағдарлама шеңберінде 2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында еңбек етіп келеді. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, осы жалпы санның 75 проценті тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мемлекеттік қызметті елге қызмет деп түйіп, осы бағытта білек сыбана іске кіріскен азаматтар қатарында жастардың саны басым. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның тұғырын нықтап, егемен елдің еңсесін көтеру – әрбір отандасымыздың міндеті. Ал жастар резерві қазаққа қызмет ететін кәсіби білікті мамандарды даярлау керек. Бағдарламаның басты мақсаты да осы.
– Бүгінде осы бағыт бойынша 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Мәжіліс Парламенті және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Жасұлан Шынтасов.
Резерв 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Олардың қатарында инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам бар. Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Ал кешенді іріктеу алты кезеңнен тұрады.
– Бірінші кезең – кандидаттардың құжатын қабылдау. Ол 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асады. Екінші кезең мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Төртінші кезең – ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат. Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Алтыншы, соңғы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, кадрлық резервке үздік 50 кандидат қабылданады, – дейді Жасұлан Қанибайұлы.
Жоғарыда аталған кезеңнің барлығынан сүрінбей өтіп, өзінің үздіктігін байқатқан азаматтардың бірі – Асылхан Сүйіндіков.
– Бүгінде резерв мүшелерінің ықпалы зор деп есептеймін. Қазірдің өзінде олар мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік немесе жеке секторда жауапты қызметтерді атқарып жүр. Өзіме келер болсам, резерв іріктеуінен өткен соң мемлекеттік қызметте басшылық лауазымға тағайындалып, еңбек жолымда оң өзгеріс орын алды, – дейді Асылхан Шәріпжанұлы.
Қалай десек те, мемлекеттік қызметті үлгі етіп барып, елге қызметті мақсатына айналдырған әрбір жастың әдепкі ойы өзгермесе екен дейміз. Кеуде сарайында туған елдің алдындағы перзенттік парыз ұғымы тұрғанда ғана қызмет шынайы болмақ.


Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!