Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 жатақханасында студенттердің тұрмысымен танысты.

Жүздесу барысында жастар өңір басшысына көкейде жүрген сауалдарын қойып, жатақханадағы қызықты сәттерін айтып, түрлі идеяларын ортаға салды.

Сонымен қатар №5 студенттік жатақхана ауласында спорттық ойындарға арналған алаң жабдықталған. Өткен жылы футбол алаңы күрделі жөндеуден өтті. Университетте білім алатын жастар бос уақытын спорттық кешендерде өткізеді. Өңір басшысы университет базасындағы «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді. Нысанның материалдық-техникалық базасымен танысты.

Аймақ басшысы бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысу жастардан бастау алу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте өңірде университет базасынан бөлек, түрлі секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылғанын еске салды.

Кездесу соңында аймақ басшысы “Жастар орталығы” ғимаратында аймақтағы белсенді жастармен жүздесетінін айтып, сөз соңын түйіндеді.