Кез келген мемлекеттің экономикалық жағынан дамуына жастардың дамуы, жұмыссыздық көлемі тікелей байланысты. Жұмыссыздықты азайту – белгілі органдардың ғана емес, мемлекеттің міндеті. Бұл орайда облыстық жастар ресурстық орталығының орны бөлек.

Жыл басынан «Жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу» бөлімі жалпы 36 шара ұйымдастырған. Орталық жанынан бос жұмыс орындарының ақпараттық базасын қалыптастыру мақсатында инстаграм әлеуметтік желісінде «@Jastargajumys11» парақшасы ашылды. Жыл басынан бері 70-тен аса бос жұмыс орындары ақпараттандырылды. Қазіргі таңда Instagram желісінде оқырмандар саны 1412-ті құрайды.

Кәсіби бағдар берілуде

Жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында «Syr jastary» фейсбук парақшасында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Дипломмен ауылға» бағдарламалары туралы ақпараттық бейнероликтер жарияланды. Шаралар легі де толастаған емес.

Мәселен, 4 наурыз күні Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Сен сұлу» атты шеберлік сағаты өтті. Оған қаламыздың жас кәсіпкерлері «Aigera_mua» сән салонының шаш, бет әрлеуші маманы Бегайым Қонысбаева және тырнақ әрлеуші маманы Аружан Амантай шақырылды. 2 сағатқа созылған кездесуде мүмкіндігі шектеулі 3 жасқа өз қызметтерін көрсетіп, көтеріңкі мерекелік көңіл күй сыйлады. Шеберлік сағаты барысында қатысушы қыздар мамандардан үй жағдайында қажетті құралдармен бет және шаш әрлеу жолдарын меңгерді. Кездесу соңында орталық мамандары келген нәзік жандыларды төл мерекесімен құттықтап, арнайы алғыс хаттар табысталды. Шараға 20-ға жуық жас қатысты.

21 сәуір күні жастар ресурстық орталығының фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілерінде тікелей эфир арқылы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының қаржы кеңесшісі Жеткерген Дәрібайұлымен онлайн сұхбат өткізілді. Сұхбат барысында тұрғын үй алу бойынша жастарға ең тиімді мемлекеттік бағдарламалар туралы сөз етілді.

Сонымен бірге облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қазіргі нарықта сұранысқа ие Trendyol, Taobao, 1688 сайттары арқылы өнім тапсырыс беру арқылы, 0-ден бастап онлайн бизнес бастаудың тиімді жолдары туралы  саланың эксперті, блогер Г. Нетбаевадан тегін шеберлік-сағат өткізілді. Шараға 15 жұмыссыз, үйде отырған қыз-келіншектер қатысты.

Мамыр айында өңірдегі 14-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында мамандық таңдау, кәсіби бағдар берудің тиімділігін арттыру мақсатында Google форма арқылы онлайн сауалнама өткізілді. Сауалнамаға 2168 жас қатысты.

Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 25 шілдеде жастар арасында жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «МЕН АДАЛ ЕҢБЕКТІ ҚОЛДАЙМЫН» атымен бейнеролик жарияланды. “Еңбек түбі – береке!”. Сол берекені өз еңбегімен тауып жүрген жас азаматтың бірі – Мұрат Ізбенбетов.

Ол өзімен тағдырлас жандардың істен шыққан қоларбаларын жөндеумен айналысып келеді. Бүгінде 30-ға жуық қоларбаны жарамды етіп, мұқтаж жандарға үйлестірді.

«Қоғамда сұлулық сарапшысы болу үлкен сұранысқа ие мамандық екені белгілі. Себебі қоғамда мінсіз сұлулық пен ерекше келбетті қалайтын сұлулар көп. Осы ретте облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қаламыздағы сұлулық индустриясының белді өкілі Динара Алмусаевамен шеберлік сыныбын өткізді. Шараға 15-ке жуық жас қатысты. Бьюти индустрия – әлемді жаулаған бағыт. Қазіргі таңда әйелдер мен қыздардың арасында маникюр қызметі сұранысқа ие. Бұл бағытта нарықтың ұсынары көп екеунін алға тарта отыра, ынтасы мен икемі бар кез келген жасты тегін оқып, бизнес бастауға ықпал ету мақсатында тырнақ әрлеуші маманның қатысуымен курс өткізілді. Шараға 20 жас қатысты», – дейді облыстық орталықтың маманы.

СММ- маманы – қазіргі әлемдегі жас және өзекті мамандық. Жасыратыны жоқ, жылжыту, жарнама және тану бизнестің барлық салаларына қажет. Шын мәнінде сапалы контент жасау оңай шаруа емес, өйткені клиент ақшасын, ал СММ маман өз беделін жоғалтпауы үшін көптеген факторларды ескеруі қажет. Шеберлік сабағында білім алушылар СММ негізгі құралдарымен, лайфхактармен және осы мамандықтың даму кезеңдерімен танысты.

«Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, облыстық маслихат депутаты, Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Нәлібаев Мақсұт Ыбырайханұлының, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Ниязов Бақытжан Мақсұтұлының, “ЖАҢАРУ” Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ-ның Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Қажданбек Баймахановтың қатысуымен жастар арасында сыбайлас жемқорлық көріністерінің кез келген нысандарына қарсы іс қимыл мәселесі бойынша белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру тақырыбында кездесу өтті. Жастар арасында еркіндік, отбасы құндылықтары, жеке кеңістік және өзін–өзі дамыту мүмкіндіктері туралы тұрақты дүниетанымдық ұстанымдарды қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа азаматтық сектор өкілдерін тарту арқылы қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» қалыптастыру, және жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жастар арасында туындаған, т.б. мәселелер талқыланып, еркін пікіралмасу алаңы қалыптасты.

Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі ұйымдастыруымен «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру», «Қазынашылық» департаменттерімен бірлесіп, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» акциясын өткізді. Шара аясында «Ягодка» саяжайында тұратын 15 отбасының балаларына сөмке және мектеп кұралады үлестірілді.

13 қыркүйек күні облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен облыстық жастар ресурстық орталығында кәсіпкерлерге бағыт көрсетіп, бренд болуды, кәсібін қаржыландыруды, кәсіпте жаңа деңгейге шығудың жаңа формуласын айқындайтын «ӘЙЕЛ КӘСІБІ» бизнес-тренингі өткізілді!

Тренингтің спикерлері қатысушыларға Алтын Каникар «Әйел және Кәсіп. Әйелдің ойлау жүйесі қандай болса, кәсібінің жүйесі де сондай» тақырыбында, Мадина Жеңісқызы «Жеке бренд кәсібіңізге қалай әсер етеді?» тақырыбында, Гүлжайнар Джалғасова «Сары базардан-сән үйіне дейінгі жол!» атты тренингтерін жүргізді.

         15 қыркүйек күні Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы және облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Болашақ» университетінің қабырғасында колледж студенттерімен «Тиімді инвестиция» тақырыбында бизнес-тренинг өткізілді. Болашағымыз жастар қолында атты ұранды ұстана отырып, қазірден бастап жастарды кәсіпкерлікке баулу және жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында жастарға «Бастау бизнес» және «Бизнес жол картасы 2025» жобасы жайлы ақпараттар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Тренинг барысында студенттер көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, алдағы жоспарларын ортаға салып, өмірлік жолында көмек болар кеңес алып қайтты.

16 қыркүйек күні жастар орталығы Болашақ университетінің жатақхана студенттерімен «Жаңа қадам» тақырыбында еркін форматта кездесу өткізілді. Кездесуге арнайы шақырылған Қызылорда облысының кәсіпкерлері А.Жаннәт пен А.Сейтмұрат қатысып, студенттерге өз кәсіптерімен таныстырып, тәжіребиелерімен бөлісті.Шара барысында, студенттердің сұрақтарына жауап беріп, өздерін заман талабына сай жұмыс жасауға, онлайн кәсіпті меңгеруді және маркетолог, таргет терминдерін түсіндіре отырып, кәсіпкерлікке бет бұруға шақырды. Кездесуге қатысушы студенттер өздеріне көптеген мәліметтер мен мотивация алып қайтты.

Жұмыспен қамтылған жас көп

Жастарды жұмыспен қамтуда жасалып жатқан жұмыстың жүйелі, жоспарға сай екенін атап өттік. Мәселен, жыл басында 25 ақпан күні – «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. «Мүмкіндіктер алаңына» қатысу арқылы жастар сала мамандарынан жұмысқа орналасу, жастар кәсіпкерлігі, білім, отбасы мәселесі, денсаулық, баспанаға бағыт, қаржылық сауаттылық т.с.с. бағыттар бойынша кеңес әрі көмек алды. Шарада әр түрлі мамандықтар бойынша 445 бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде, 26 вакансия шет облыстарданда  ұсынылды. «Жастар тәжірибесі» бойынша 57-ге жуық жұмыс орындарының тізімі көрсетілді. Осы ретте 23 мекемеге 45 жас өтінім білдіріп, 18-31 жас аралығындағы жастар тұрақты жұмыспен қамтылды.

13 сәуір күні Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қ.Нұртайдың бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес, жастарды әлеуметтендіруге бағытталған Тасбөгет кентінде «Мүмкіндіктер керуені» деп аталатын шара өткізілді. Басты мақсат – жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ олардың сұранысындағы қажеттіліктерді қамтамасыз ету. Шара барысында 37 мекемеден 216 жұмыс орны, сонымен қатар Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан 1392 бос жұмыс орындары ұсынылды.

Шарада 24 4 жұмыссыз және пробация қызметі есебінде тұрған 23 жас бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің қызметтерін пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алды, 108 жұмыссыз жас спорттық сайыстарға (қол күрес, күрес, гір көтеру) қатысты.

Жалпы қорытынды бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен тұрақты жұмысқа 47 жас орналасты. Ал арнайы жұмыс орындары бойынша  5 жұмыс беруші мекемемен келісім-шарт жасалып, 6 мүмкіндігі шектеулі азаматқа арнайы жұмыс орындары ұсынылды. Бұған қосымша жастар тәжірибесі бағдарламасымен 15 жас маман уақытша жұмыс орындарына жолдама алды.

Шара барысында бөлім маманы Қазтай Әсет 3 жұмыссыз жасқа жұмыспен қамту орталығы мамандарынан кеңес алуға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, бөлім маманы Балаби Айдана E-gov электронды жүйесі арқылы  20 жасқа қызмет көрсетті. Жастардың басым көпшілігі  мемлекеттік қызметке тест тапсыруға онлайн тіркелу қызметін пайдаланды.

Мамыр айында А. Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық жастар ресурстық орталығы мен Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында «Қоныс аудару» бағдарламасы бойынша Солтүстік өңірлерден келген жұмыс тобының қатысуымен «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткізілді.

Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстарының жұмыс берушілері тарапынан 3000-ға жуық бос жұмыс орындары ұсынылып, қоныс аударуға ниетті 100-ге жуық отбасымен сұхбат жүргізілді.

Сонымен қатар, қала бойынша 24 мекемеден 160 бос жұмыс орны және жастар тәжірибесі бойынша 9 мекемеден 80 жұмыс орны ұсынылды. Шараға 100-ге жуық қала тұрғындары мен жастар қатысты.

Шара аясында жастарға «Дипломмен ауылға», «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы», «Бизнес-бастау» мемлекеттік бағдарламалар және жастар мен жас отбасыларға тұрғын-үй алу мүмкіндігі бойынша  кеңес берілді. Cондай-ақ, е-gov электронды қызмет көрсету жүйесін пайдалану туралы «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ мамандары, адвокат, сот орындаушы және құқық қорғау, медицина, білім саласының мамандарынан ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Бос жұмыс орындар» жәрмеңкесінде қала бойынша 19 жұмыс беруші мекемеден 175 бос жұмыс орны ұсынылды. Өзге өңірлерден онлайн түрде 23 жұмыс беруші мекемеден 386 бос жұмыс орны ұсынылды. Барлық ұсынылған бос жұмыс орындары туралы ақпарат Еnbek.kz порталында орналастырылған.

Шараға Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов, Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы М.Қазбекова қатысып, сөз алды. Мира Жомартқызы жастар мен тұрғындарға арналған мүмкіндіктерді кең пайдалануға және алдағы уақытта да осы сынды шаралар өз жалғасын табатынын айтты.

Сонымен қатар шара барысында спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар жүлделермен марапатталды. Кеш мерекелік концертпен аяқталды. Қорыта айтқанда, облыстық жастар ресурстық орталығы жыл басынан бері жастарды жұмыспен қамту бағытында үздіксіз қызмет етіп келеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!