Қазір көл-көсір табыс табу төгілген термен өлшенеді. Көрнекті көріністі тарту ететін интерьер-дизайнердің еңбегі де инемен құдық қазғандай. Түрлі техникалық аспектіні меңгеріп, әр жаңаны ой сүзгісінен өткізетін талантқа талас жоқ. Астана қаласындағы «Monochrome» студиясының ұжымы әр нысанға озық үлгімен өң беріп жүр. Ісіңе ынта-ықыласпен қарайтын жас архитектор, интерьер-дизайнер Ақмейір Абуғали өз ойымен бөлісті.

Инженерден – архитектураға

2000 жылы Астанада қарқынды құрылыс болғаны есімде. Кішкентай болсам да аңғарымпаз, өте байқағыш бала болдым. Крандарды, құрылыс бетон қораптарын, қызғылт-сары дулыға киген құрылысшылар ісі қызықты көрінді. Қызу жұмыс маған шабыт сыйлайтын. Тіпті 9-10 жасымда жаңа тұрғын үй кешенінен әртүрлі кітапша жинап, пәтер сызбасын дайындауға әуес болдым. Сол кезде мұның бәрін кім жасайтынын білмей, инженер деп ойладым. Осылайша кішкентай қыздың арманы сәулет және құрылыс факультетіне түсуіне түрткі болды. Қалауымды қолдаған, таңдауыма түсіністік танытқан ата-анама алғысым шексіз. 5 жыл оқуда жүріп, өмір мектебінен өттім. Түнімен ұйықтамай, көз майымды тауысып сызба дайындау оңай емес. Бірақ мамандыққа махаббатым ерекше.

Архитектура – жауапты мамандық. Жүрдім-бардым жұмыс істеуге болмайды. Бәрін адам игілігі үшін жасағандықтан, олқылыққа жол бермеу маңызды.

«Monochrome» студиясы: 6 жылда 120 нысан

Жайлы атмосфера жасау маңызды

Белгілі бір нысан көрінісін тартымды етуге жоғары талғам керек. Идея иелігінде, ой шеңберінде жүріп сызба-құрылымын жасаймыз. Міндетіміз тұтынушы үшін функционалды, қауіпсіз және әдемі үйлесімде кеңістік құру. Жобалау үшін объектінің күрделігіне байланысты орта есеппен 30 жұмыс күнінен немесе одан да көп уақытты аламыз. Әрбір жобаға күш-жігерді, уақытты сарп етеміз. Әрине, мұның бәріне тәжірибе мен қабілет қажет. Сонда ғана көздің жауын алатын, жайлы атмосферасы бар тың дүние жасалады.

«Тренд» түсінігін ұнатпаймын

Әр кеңістікті әр адамға оның өмір салтына, талғамына және тұрғын үй немесе коммерциялық кеңістік форматына қарай жинау керек деп санаймын. Сондықтан «тренд» ұғымын мүлде ұнатпаймын. «Соңғы үлгідегі дизайн мен стиль осы екен» деп, еркің мен қалауыңа қарама-қайшы келуге болмайды. Жаныңа жаққаны қайсы соған назар аударған дұрыс. Бірақ үлкен қажеттілік әрқашан нео-классикада болған және болуы мүмкін деп айта аламыз. Неок­лассика әртүрлі, әрқайсысы өзінше түсіндіреді. Яғни  классикаға жақын, кейде өте заманауи. Дизайнды мұқият зерделеген дұрыс. Бұл жобаның жіптіктей әрі мінсіз жүзеге асуына негіз. Ең бастысы – дұрыс эргономикалық кеңістік. Онда әрбір қозғалысыңыз ойластырылған және сапалы, қауіпсіз өмір сүру үшін барлық өлшем ескеріледі.

«Monochrome» студиясы: 6 жылда 120 нысан

Шығармашылықты автоматтандыру қиын

Студия 6 жыл ішінде өз стилі мен сүйікті тұтынушысын қалыптастырды. Олар бізге жиі тапсырыс беріп, жылы лебізін айтады. Демек бұл  жұмыстың жүйелі екенін айғақтайды. Ұжым ұйымшыл, білікті маман жетерлік. Әрқайсысының қиялы ұшқыр, танымы кең. Сондықтан болар, еңбегіміз көп көңілінен шығып жүр.

Бір уақытта бірнеше жоба қабылдамаймыз. Біз үшін сан емес, сапа бәрінен маңызды. Әр жобаға ынтамен кірісеміз, шығармашылық процессте өрбіген жұмыс өнімді болары белгілі. Шығармашылықты автоматтандыру қиын. Ал шабыт жаратылыс пен өмірге сүйіспеншілік сезімімен қоректенеді. Сондықтан асығып-аптығуға болмайды. Бірнеше тапсырысты қабылдап, жанталасқаннан гөрі өз ауанымен орындалған жұмыс тиянақты.

«Monochrome» студиясы: 6 жылда 120 нысан

Дамудың кілті – ребрендинг

Кез келген салада жетістікке жету үшін аялдап қалуға болмайды. Қазіргі таңда студияда кәсіпті жандандыру үшін маргетингтік стратегия жүргізудеміз. Даму даңғылы қаланған соң құндылық, көзқарас, тіпті уақыт өзгереді. Тың технология, жаңашылдық та жетіп артылады. Сондықтан жұмыс форматын қайта қарастырамыз. Мұның бәрі тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуге сеп болмақ. Келесі жылы жобамызды шетелде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Әзірге, қалғаны құпия болсын.

«Monochrome» студиясы: 6 жылда 120 нысан

Энтузиаст шедевр жасай алады

Сәулет немесе интерьер-дизайнері маманы сурет салумен шектелмейді. Оның барлық саладан хабары болу керек. Сондай-ақ шығармашылыққа жақын, үйлестіруге шебер, жаңаны құруға құмар болғаны дұрыс. Сонда таңдай қағатын шедевр жасалады. Адаммен коммуникацияда да кері кетпей, ойды бүкпеген жөн. Бұл тұтынушы, серіктес, мердігер сынды кез келген адаммен тіл табысуға ықпал етеді. Алдын ала ойлау, алға бірнеше қадам жасау, нюанстарды білу, оны сұрыптау да интерьер-дизайнерге тән қасиет. Қысқасы тиісті нәтижеге жету үшін энтузиаст болу керек.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!