Фото: Pixabay

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Тәуекелге негізделген лотерея мен ойындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін реттеуді жетілдіру жөніндегі шаралар» жарлығына қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Құжатқа сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Перспективалық жобалар ұлттық агенттігінің лицензиясын алғандарға букмекерлік қызметті ұйымдастыруға рұқсат етіледі.

Аталған агенттік онлайн ойындарды, букмекерлік қызметті, сондай-ақ лотереяларды ұйымдастыру жөніндегі қызметті реттеу және лицензиялайтын уәкілетті мемлекеттік орган ретінде айқындалған. Берілетін лицензия негізінде ұйымдастырылатын букмекерлік ставкаларға, онлайн ойындар мен лотереяларға тек 18 жастан асқан өзбекстандықтар мен шетелдіктер қатыса алады.

«2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 5 жыл мерзімге онлайн ойын, лотерея ұйымдастыратын және букмекерлік қызметпен айналысатын заңды тұлғалар барлық төленген ұтыс пен қайтарылған ставкаларды шегергендегі жиынтық табысының 4 пайызы көлемінде салық төлейді», – делінген құжатта.
Бұл ретте букмекерлік кеңселерде бәс тіккендердің жеке тұлғалардың табысына салық салынбайды. Перспективалық жобалар ұлттық агенттігінің түсіндіруінше, бұл шаралар азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауға, ойынға деген тәуелділіктің алдын алуға және күресуге, елдегі қаражаттың сыртқа кетуін тоқтатуға бағытталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!