21 желтоқсанда Праганың орталығындағы Ян Палах алаңында Карл университетінің философия факультетінің ғимаратында атыс болып, салдарынан 15 адам мерт болып, 20 шақты адам жараланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

фото: Stan.kz

Құқық қорғау органдары факультет ғимаратында оқ атқан адамның өлтірілгені туралы хабарлама жариялады. Ал Прага қаласының мэрі Богуслав Свобода Чехия қоғамдық телеарнасына шабуылдаған адам биіктен секіріп кеткенін айтты.

Seznam басылымының жазуынша, оқ атқан адамның аты-жөні Дэвид К. Ол факультет ғимаратының сыртқы қоршауымен жүріп келе жатып, ішіндегі адамдарға ғана емес, өтіп бара жатқан адамдарға да оқ жаудырған.

Оқиға орнына ішкі істер министрі Вит Ракушан келген. 

“Азаматтарды оқиға орнына көру үшін келіп қарамауға шақырамын. Мен жұртшылықты сендіргім келеді: атқыш залалсыздандырылды, басқа шабуылшының бар екені расталмады”, – деген Вит Ракушан CT телеарнасына берген сұхбатында.

Бұл адамның Чехия азаматы екенін айтылды, бірақ оның не үшін оқ атқаны белгісіз.

iDnes веб-сайты қолда бар фотосуреттеріне сүйеніп, ұзын ұңғылы атыс қаруы бар ер адамның факультет дәлізімен келе жатқанын жазды. Seznam оның қаруы ZEV 308 Win AR10 винтовкасы екенін айтады.

Басқа суреттерде қолдарын жоғары көтерген студенттердің ғимараттан қашып шыққанын байқауға болады. Прага мэрі Богуслав Свобода оқ атқан адамның шатырдан құлап қайтыс болғанын айтты. Расталмаған мәліметтерге қарағанда, ол алдын ала өзіне оқ атқан.

Студенттер білім алушылар мен мұғалімдердің сыныптар мен кітапханада жасырынып отырғаны туралы ақпаратты желіде бөлісті. Кейбіреулер оқ атқаннан қашып, шатырға шыққан. Полиция Ян Палах алаңындағы ғимаратты және Целетна көшесіндегі оқу бөлмелеріндегі адамдарды эвакуациялаған.

Nova TV арнасының tn.cz сайты ғимараттың төбесінде қаруланған адамның суретін жариялады. Басылым сол жерде жарылыс дыбысы естілгенін жазды. 

Оқиға орнында полиция көліктері, құтқару топтары, жедел жәрдем және өрт сөндірушілер жұмыс істеуде. Құтқарушылар зардап шеккендердің ішінде жеңіл және ауыр жараланғандары да бар екенін айтты.

Полиция Ян Палах алаңының айналасындағы аумақты түгел жауып тастаған. Қозғалыс тоқтатылды, трамвайлар мен автобустар басқа бағыттарға бағытталды. Алаңға іргелес Манес көпірі жабық. Алаңда бірнеше жоғары оқу орындары мен Рудольфинум концерт залы орналасқан.

Прага әлемдегі ең қауіпсіз қалалардың бірі саналатынын айта кетейік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!