Фото, видео: Almaty.tv.

Қосшы мектебіндегі 5000-нан астам оқушы қалдық ішіп жүр. Дабыл қаққан ата-аналар бүгін білім ошағының асханасы талапқа сай емес деп шу көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – үйдегі ата-ананың жағасын ұстатқан видео. Алдына келген асын бала тауыспақ түгілі, жей де алмаған. Ыдыс толы тамақ қалдыққа тасталып жатыр. Ал оларға шырын деп ұсынылатын сусынға су қосатын көрінеді.

Ортақ чатқа келген бейнежазбадан соң ата-аналар мектепке келіп, басшылықтан бұл бассыздықтың себебін сұрады. Шикі тоқаш, күйген котлет пен ботқаны балалар жей алмайды деп уәжін айтты. Таңнан нәр татпай кеткен баланың аш болса да, асханаға баруға тәбеті тартпай тұрады екен.

«Тамағында мүлдем ет жоқ. Сосын күнделікті тамақты жемейді. «Асханадан жемеймін» деп, қарны ашып келеді. Ал тамақ ішкен күні ауырады, құсады. Ол бер жағында, ұрысып тамақты да дұрыс бермейтін көрінеді», – деді Қосшы қаласының тұрғыны Ақбөпе Бақыт.

Ата-аналар көрсеткен бейнежазбаны мектеп әкімшілігі мойындамады. Бастапқыда «бұл біздің мекемеде болмаған, мүлде басқа жер» деп жауаптан жалтарды. Кейін «нысанды жалға алған кәсіпкер түсірген адам әдейі жасады» деп ақталды. Оның айтуынша, асхана да, тамақ та барлық талапқа сай.

«Асхана талапқа сай. Бізде арнайы комиссия айына бір рет келеді. Хаттаманың бәрі бар. Кіріп көрсеңіздер болады. Ас мәзірі күнде өзгеріп тұрады», – деді кәсіпкер Найля Дүйсенова.

Камераға «кіріп көрсеңіздер болады» деп батыл сөйлеген асхана иесі әп сәтте ойынан айнып қалды. Ішке кірмек болғанымызда жолымызды торуылдап, біраз күттіріп тұрып алды. Көз алдымызда қызметкерлеріне қайта-қайта сыбырлай сөйлеп, уақытты созды.

Мұнда күніне 1500-ге жуық бала тегін тамақ ішеді екен. Бірақ қазір асханадағы жағдайды көруге камера келген кезде асхана әкімшілігі мұнда кіруге тыйым салды. Тіпті іштегі жағдайды білуге рұқсат берілген жоқ.

Бір қызығы, асханаға жауапты жеке кәсіпкер бұл мектепте 10 жылдан бері тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Білім мекемесінің басшылығы нысанды жалға алушылардың жұмысына көңіліміз толады деп отыр. Бүгінге дейін арыз-шағым түспепті.

«Мектепте күнделікті балалар тамағын қадағалау үшін арнайы комиссия құрылған. Бұған мұғалімдер, мейірбике, мектеп директоры кіреді. Күнделікті таңертең ас мәзірін қарап шығады», – деді Қосшы қалалық білім басқармасы бөлімінің басшысы Қанат Ахметов.

Тамақтану мәселесі тек талқылаумен шектелді. Қос тарап ортақ шешімге келе алмады. Ал ата-аналар шағымы бойынша қалалық прокуратураға сауал жолдап еді, олар асханаға тексерісті тек қалалық әкімдік жүргізетінін жеткізді. Енді ата-аналар білім басқармасы мен мектеп басшылығынан бұл мәселені қатаң бақылауға алуды талап етіп отыр.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!