Шекарашылардың еңбегі әрдайым көзге көріне бермейді. Олар сахнада өнер көрсетпейді, көпшіліктің алдында жиі марапатталмайды. Бірақ олардың тәулік бойғы қырағылығының арқасында миллиондаған адам бейбіт өмір сүріп, алаңсыз еңбек етеді. Нағыз ерлік көбіне үнсіз атқарылады. Шекарашылардың еңбегі дәл сондай – үнсіз, бірақ аса маңызды еңбек екені рас. Тек мереке қарсаңында ғана емес, үнемі сөз етіліп еңбектері мадақталып отыру керек. Осы орайда, дәл осындай жауапты жолда қызмет атқарып жүрген, шекара қызметін өмірлік ұстанымына айналдырған сержант Айдос Бөрібеков – көпшілікке үлгі.
Айдос Кенжебекұлының өмір жолына үңілсек, кәсіби әскери қызметкер болып қалыптасуының кездейсоқ емес екенін аңғарамыз. Бұл – бала күннен басталған спортқа деген сүйіспеншіліктің, жастық шақтағы әскери шыңдалудың, жылдар бойы жинақталған мол тәжірибенің және Отан алдындағы азаматтық борышқа деген адалдықтың сабақтастығы. Айдос Кенжебекұлы Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде дүниеге келген. Жастайынан спортқа жақын болған ол Жалаңтөс Баһадүр Сейтқұлұлы атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алды. Спортқа деген қызығушылығы оның өмір жолындағы маңызды бағыттардың біріне айналып, кейін әскери қызметтегі кәсіби қалыптасуына да айрықша ықпал етті.
Спорт – жеңіс пен жеңілісті таразылайтын алаң ғана емес, ол адамды тәртіпке, төзімге, сабырға және ең бастысы – өзін-өзі жеңуге үйрететін үлкен мектеп. Жаттығу залындағы әрбір күн, жарыс алаңындағы әрбір сәт спортшының мінезін шыңдап, жігерін жаниды. Өйткені нағыз спортшы үшін ең үлкен қарсылас – өзінің кешегі деңгейі. Айдос Кенжебекұлы да осы ұстанымды өміріне серік етіп, талмай-тынбай еңбектеніп, спорттық шеберлігін жылдар бойы шыңдады. 2006 жылы Атырау қаласында әскери борышын өтеп жүрген кезінде қоян-қолтық ұрыспен айналыса бастады. Әскери орта мен спорттың қатар өрілуі оның дене дайындығын жетілдіріп, мінезін де шыңдап, бойындағы қайсарлық пен табандылықты одан әрі қалыптастырды.
– Жылдар бойы төгілген тер мен тынымсыз еңбектің нәтижесі ірі жеңістерге ұласты. 2010 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында ІІ орын алып, күміс жүлдегер атандым. Бұл – спортшы үшін ғана емес, ел намысын қорғаған азамат үшін де зор жетістік еді. Арада бір жыл өткен соң, 2011 жылы Ташкентте өткен Әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеп, қола медальді қолға алдым. Азия және Әлем деңгейіндегі додаларда жүлдеге ілігу – үлкен дайындықты, табандылықты және рухтың мықтылығын талап ететін сын. Спорттағы жетістіктерім мұнымен шектелген жоқ. 2015 жылы самбодан ТМД елдері арасындағы жарыста қола жүлдені иелендім. Осылайша, спортта жылдар бойы жинаған тәжірибем мен жетістіктерім кәсіби шеберлігімнің берік негізіне айналды, – дейді Айдос Бөрібеков.
Бөрікбеков бағындырған белес аз емес. Бүгінде сержант Айдос Кенжебекұлының қоржынында бірнеше маңызды спорттық атақ бар. Ол – әскери самбодан спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, дзюдодан спорт шеберіне үміткер.
– Әрбір атақ пен әрбір медальдың артында қаншама маңдай тер, тынымсыз жаттығу және өзіме деген жоғары талап жатыр. Талапшылмын, өзімді аямаймын. Жарыс алаңындағы жеңіс бір сәттік нәтиже болып көрінгенімен, сол жеңіске бастар жол жылдарға созылатын қажырлы еңбекпен өлшенеді. Спорт маған тек физикалық күш-қуат берген жоқ. Ол сабырлылық, төзімділік, жігер және қиындыққа мойымау секілді қасиеттерді сіңірді. Кейін бұл қасиеттердің барлығы әскери қызметте өз жалғасын тапты. Мен өз жолымда келе жатқаныма сенемін, – дейді ол.
Айдос Кенжебекұлының әскери қызмет жолы 2008 жылы департамент бөлімшесінде басталды. Әскери өмірдің алғашқы күндерінен-ақ ол тәртіп пен жауапкершілікті басты орынға қойды. Себебі әскери ортада тәртіп – жай ғана талап емес, қызметтің берік негізі. Әскери қызметші үшін әр күн – жауапкершілік, әр тапсырма – сенім. Ал Отан алдындағы ант – жүректе мәңгі сақталатын қасиетті серт. Айдос Кенжебекұлы 2023 жылға дейін бөлімшеде еңбек етіп, бүгінде «Кәрібайбұлақ» шекара бөлімшесінде өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Жылдар бойы жинақталған тәжірибе оны өз ісін жетік білетін кәсіби маман деңгейіне жеткізді. Ол бүгінде кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп, жас сарбаздарға үлгі бола алатын тәжірибелі әскери қызметші ретінде де танылып келеді. Әскери қызмет сырт көзге бірсарынды көрінуі мүмкін. Алайда оның әр күні өзіндік сынақ пен жауапкершілікке толы. Бұл сала адамнан физикалық дайындықпен қатар психологиялық төзімділікті, қиын сәтте дұрыс шешім қабылдай білуді, ұжыммен бірлесе жұмыс істеуді және ең бастысы – Отан алдындағы антқа адал болуды талап етеді. Сержант Бөрібеков осы талаптардың үдесінен шығып, қызметтік міндеттерін жоғары жауапкершілікпен орындап келеді.
Оның әрбір әрекеті жас сарбаз үшін үлгі, әрбір айтқан сөзі – бағыт, әрбір көрсеткен ісі – өнеге. Сержант Бөрібеков қызмет барысында жас сарбаздарға тәлімгерлік көрсетіп, олардың әскери тәртіпті меңгеруіне, дене дайындығын жетілдіруіне және қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарауына өз үлесін қосып келеді. Әсіресе оның спорттағы мол тәжірибесі жас әскери қызметшілер үшін үлкен мектеп іспетті. Азия және Әлем чемпионаттарындағы жарыс тәжірибесі, самбо мен қоян-қолтық ұрыстағы шеберлігі, дзюдодағы дайындығы – кейінгі буынға үйретер мол тәжірибенің қайнар көзі. Ол жас сарбаздарға жеңістің дайын күйінде келмейтінін, кез келген нәтижеге тек маңдай тер, еңбек пен табандылық арқылы жетуге болатынын өзінің өмір жолымен дәлелдеп келеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Айдос Кенжебекұлының кейінгі буынға берер тағылымы мол. Оның өмір жолы жас сарбаздарға тәртіптің маңызын, спорттағы еңбектің нәтижесін және әскери қызметтегі жауапкершіліктің салмағын терең түсінуге мүмкіндік береді. Сержант Бөрібековтің әскери қызметтегі жауапкершілігі мен адалдығы бірнеше мәрте басшылық тарапынан жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болуына негіз болды. Алайда кез келген марапаттың сыртында көзге көріне бермейтін орасан еңбек бар. Ел шебінде қызмет ететін әскери қызметшінің еңбегі кейде үнсіз атқарылады. Оның нәтижесі күн сайын жаңалық болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ сол елеусіз көрінетін еңбектің арқасында қаншама отбасы алаңсыз ұйқыға кетіп, қаншама бала бейбіт өмір сүріп, білім алып, болашағын еркін жоспарлап келеді. Сондықтан әскери қызметшінің ең үлкен марапаты – ел тыныштығына қосқан үлесі. Айдос Кенжебекұлы да өз қызметін дәл осы түсінікпен атқарып келеді. Ол үшін әскери қызмет – жай ғана жұмыс емес. Бұл – азаматтық парыз. Бұл – қасиетті антқа адалдық. Бұл – туған жер алдындағы жауапкершілік. Кейіпкеріміз қазіргі уақытта ҚР ҰҚК ШҚ Қызылорда облысы бойынша департаментінің «Кәрібайбұлақ» шекара бөлімшесінде абыройлы қызмет атқарып келеді.
Айдос Бөрібеков үшін ең үлкен марапат – туған елінің амандығы. Ол көк байрағымыздың көкте желбіреп тұрғанын көрген сайын жүрегін мақтаныш кернейді. Өйткені ол өз қызметінің ел тағдыры үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Әрбір күзетке шыққан сайын ол халқына берген антына адал болуға серт береді.
Шекара шебінде қырағылық танытып, Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып жүрген сержант Бөрібеков Айдос Кенжебекұлының қызмет жолы кейінгі буынға әрдайым үлгі болғай. Елге қызмет ету жолындағы еңбегі еселеніп, әскери өмірдегі абыройы асқақтай берсін! Шаңырағына шаттық, отбасына амандық, балаларына бақыт, өзіне мықты денсаулық пен қажымас қайрат тілейміз. Отанға адал қызмет ету – ер азаматтың ел алдындағы ең үлкен абыройы деп білеміз.
Қорытындылай келе, Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы шекарашылардың еңбегін құрметтеуі тиіс. Себебі ел тыныштығы мен мемлекеттік қауіпсіздік – кез келген мемлекеттің ең қымбат байлығы. Ал сол байлықты сақтап тұрған азаматтар – шекарашылар. Олар тек шекараны ғана емес, халқымыздың бейбіт өмірін, ұрпағымыздың жарқын болашағын қорғайды. Елдің тәуелсіздігі мен тыныштығы жолында аянбай еңбек ететін шекарашылар – халқымыздың мақтанышы, мемлекетіміздің сенімді қорғаны. Сондықтан олардың еңбегін бағалау, құрметтеу және кейінгі ұрпаққа үлгі ету – әрбір азаматтың парызы.
Фариза ТӨРЕХАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!