Отанды сүю, қорғау жай ғана сөзбен көрініс табатын дүние емес. Әрбір азаматтың еңбегі мен бар күш-жігері Отан үшін жұмсалғанда ғана патриотизм жайлы айтуға болады. Бұл жастарға да қатысты мәселе.  Қазір әскерге ынталы буынның азаюы тұтас елді алаңдатып отыр.

«Көптеген жастар Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу ‒ айрықша миссия. Бұл ‒ Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бұл мәселенің қоғам үшін айрықша маңызды екенін көрсетті. Осы орайда алдыңғы аға буынның, әскери сала мамандарының пікіріне құлақ түріп, тақырыпты кеңінен тарқатуды жөн көрдік.

«Әскерге асығатын жастардың азаюына мотивацияның жеткіліксіздігі әсер етуде». Бұл ‒ облыстық «Ауғанстан соғысының ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймахановтың пікірі. Жастарға әскерге бару үшін қандай мотивация беру керек? Осы жөнінде кеңінен тарқатқан ардагердің сөзі бізді де ойлантпай қоймады.

‒ Баланы бесіктен тәрбиелеу керек. Өскеннен кейін мотивация беру де маңызды, қазір бұл жағдайға мән бере бермейміз. Бүгінде жастарды әскерге алып кетеді, терін төгіп жұмыс үйретеді де, әскерден келген соң оны ұмытып кетеді. Сондықтан әскери борышын өтеудің де жүйесі болу керек. Әскерге кім барады? Біріншіден, патриоттық тәрбиесі бар жас, екіншіден оның денсаулығы жақсы болу керек деген шарттары болу керек. Сосын әскери борышын өтеп келген адамға қоғам оң көзқараспен қарау керек. Бұрын Кеңес үкіметінде мынадай жүйе болған. Ол кезде жастардың жоғары білім алуы қиын еді. Ал әскерге барып келсең жоғары оқу орнына бірден қабылдайтын. Бұл ‒ әскери адамға берілген халықтың марапаты мен  құрметінің көрінісі. Жұмыс бабында түрлі талаптар қойылады ғой. Сол кезде әскери борышын өтеген адам оқуға, жұмысқа бірден қабылдансын. Сонда әскерге барған бала сеніммен келеді. Оған жұмыс та, құрмет те дайын. Одан кейін де ол жақсы жолмен жүргісі келеді, ‒ дейді Қ.Баймаханов.

Қазір жастардың әскерге баруға ынтасы жоқ десек те, қазақ баласының қай-қайсысы да елді қорғауда аянып қалмасы белгілі. Дегенмен әскерге барудың жөні бір бөлек. «Бұл – ата-ананың, қоғамның бірлесіп атқаратын жұмысы» дейді ҰҚК ШҚ облыс бойынша департаментінің қызметкері Әскербек Әбілов.

‒ Иә, қазір әскерге бару деген түсінікке жастар немқұрайлы қарайды. Баланың тұлға болып қалыптасу кезеңдері мектепте басталатыны белгілі. Сондықтан оқушыға әскери адамның мәртебесі жайлы жиі насихаттап отыру керек. Әскерге ынталандыру мектеп қабырғасынан басталу керек деп толықтай айта аламын. Бұл мектептегі ұстаздың да міндеті, олар әскери түсінікті оқушыға жеткізе алу керек деп ойлаймын. Сол үшін бірінші мұғалімдерді арнайы курстан өткізіп, білім беру қажет. Сонда ғана оқушы мектеп бітірген тұста Отан алдындағы борышын түсініп, шешім қабылдайды. Сондай-ақ бұл салаға қосар БАҚ-тың да үлесі көп. Олар әскери өмірдің жетістігін, ерлігімен көзге түскен қазіргі заманның батырларын жиі насихаттаса, қоғамды бірлесе отырып тәрбиелей аламыз. Мен әскери борышымды Қарағанды облысында өтедім. Әскери өмір жауапкершілікке, тиянықтылыққа, шешімді тез қабылдауға, ата-ана, туыстың қадірін білуге, жалпы азаматтық өмірдің бір күнін босқа өткізбеуге үйретті. Соның нәтижесінде бойымда Отансүйгіштік қасиет қалыптасты, ‒ дейді әскери қызметкер.

«Ардагерлер одағының (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың)» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша төрағасы Марат Орынбайұлының пікірі мынадай.

‒ Қазіргі жастардың әскерге бармауы, Отан алдындағы борышына селқос қарауы, патриоттық сезімнің болмауы бүгінгі ел ішіндегі ахуалға жеткізіп отыр. Өйткені тал бесіктен баланы ер етіп тәрбиелеп, кешегі батырлардың жолын насихаттамаса, әскерге қабылданып, қиындық атаулыны көрмесе, санасы әлсіз жастар арандатушылардың ізіне еріп, өз еліне опасыздық жасауы бек мүмкін. Ұлт үшін келешек елдің тұтқасын ұстайтын жастардың білімі мен білігі болғаны жақсы, сонымен қоса, рухты және патриот болуы маңызды. Ол үшін не істеу керек? Меніңше, бірінші мына жастардың қолындағы гаджеттерге бақылау жасау керек. Интернетте не көріп жатыр? Санасы уланып жатқан жоқ па? Осыны ата-ана да, қоғам да ойлау керек. Смартфонға кіріп алып, атыс-шабыс, адам өлтіруді, қарумен атысуды көрген бала соған қызығып, кейін сол іс-әрекетті шынайы өмірде қолдануға қарекет қылуы мүмкін. Міне, мәселе қайда жатыр? Екінші, жастарға бос уақыт қалдырмау қажет. Оқушы болса, түрлі үйірмелерге қатыстырып, рухани түрде дамуын қадағалап отыру маңызды. Оған бала өсіріп отырған әрбіріміз жауаптымыз. Ал мектеп пен ЖОО бітірген жастарды жұмыспен қамтуды күн тәртібінен шығармауға тиіспіз. Сонда олар өзге мақсаттары бар, бөгде адамдардың сөзіне еріп, ереуілдете бермейді. Бос уақытын тиімді, елге пайдалы іспен айналысуға жұмсайды. Ұлттың, елдің тыныш­тығын ойлайды. Көп мәселе осыған байланысты.  Ал соңғысы, мына мектептегі әскери даярлық пәнін жүйелі жүргізуге қатысты. Оқушыларды саптық даярлықтан өткізіп, автоматты шашып-жинап қайтара салмау қажет. Оларға жоғарыда айтқанымдай, бабалардың батырлығын, қазақ халқының ұлы тарихын сіңіріп, патриот қылып өсіру керек. Балалар патриоттық сезімді тек Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсететін мерекелік шарада сезінбеу керек, ‒ дейді ол.

Сала мамандарының өмірін мысалға алып айтып өткендей, жастардың әскерге баруға ниетті болуы алдымен отбасындағы тәрбиеге, ұстазға, одан қалды қоғамға байланысты. Осы тұста «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ежелгі қағиданы берік ұстансақ, Отанды қорғайтын жастардың қатары қайта көбейетініне сенім мол.

Гүлдана ЖҰМАДИН