Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан жауап берді, деп хабарлайды Qaz365kz.
Оның айтуынша, оқиға күні кешкі сағат 18:00-де Нұраймен кездесуге алдын ала келіскен. Осыған байланысты ол автотұраққа шамамен сағат 17:50-де келгенін айтты.
Шерхан Аймаханның сөзінше, ол кездесуде айырылысатынын айтқан. Осыдан кейін Нұрай ашуланып, өзі сыйлаған сақинаны оң қолымен жол жиегіне қарай лақтырып жіберген.
«Мен қоштасатынымызды айтқаннан кейін Нұрай ашуланып, ұрып, боғауыз сөздер айта бастады. Сол кезде қалтамдағы пышақты алып, “Боғауыз айтқанша, пышақтай сал” деп өзіне ұстаттым. Нұрай маған бірінші болып оң жақ бүйіріме пышақ сұқты. Одан кейін мен аффект жағдайына түстім. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ», – деді ол.
Айыпталушының айтуынша, оқиғаның одан кейінгі сәттері жадында сақталмаған.
Еске салайық, Нұрай Серікбайдың денесі 2025 жылғы 11 қаңтар күні кешке Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің маңынан табылған. Тергеу мәліметінше, бойжеткеннің денесінен 36 пышақ жарақаты анықталған. Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
