Бүгінде азық іздеп, күл-қоқыстың ара­сында жүрген кезбе ит көп. Олар адам көп шоғырланатын жерге әуес. Тұрғындар тарапынан жиі шағым түсе­тіні де содан. Олар балаларының қауіп­сіздігіне алаңдаулы. Оған «Баланың са­бақтан келетін уақыты болды, ит қауып алар, алдынан шық» деген жаттанды тіркестер дәлел. Ендеше, иесіз иттерге кім ие? Қорғау керек пе, қорғану керек пе?
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, жақында осы тақырып кеңінен талқыланды.Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов заңға енгізілген өзгерістер барын да айтқан болатын.
– Өткен жылдың желтоқсан айында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның кейбір актілеріне өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Оның ішінде ветеринария туралы заңдағы 10-баптың 1-тармақ, 4-9 тармақшасында және 11-баптың 4-тармағы 1-бөлігінде өзгеріс бар. «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» деген сөздер «жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды» ұйымдастыру сөздерімен ауыстырылған. Осы ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен «жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» үлгілік қағидалары әзірленуде, – деді Ә.Дәрмағамбетов.
Аталған қағида аясында жергілікті органның шешімімен облыстың елді-мекендерінде тиісті шаралар бекітілетін болады.
– Күнделікті уайым балалардың сабаққа аман-есен барып келгені. «Наурыз» ықшам ауданында орналасқан №268 мектеп жанындағы қуыс көшеде тұрамыз. Мектептен үйге қайтуға тура жарты сағат кетеді. Ал көшеде жабайы ит көп. Бірге ереді, жүгірсең, қоса жүгіреді, бала түгілі, өзіміздің зәре-құтымыз қашады. Осыны құзырлы органдар қадағаласа, – дейді қала тұрғыны Айман Рысбай.
«Бәйтерек», «Саяхат», жаңадан бой көтерген сол жағалаудағы жаңа ауданнан да түсетін шағым көп екенін білдік. Ол бойынша тиісті мекемелер жұмыс істеуде. Бұл ретте қалалық ветеринариялық станциясының директоры Нұрлан Төлегенов наурыз айынан бастап көшедегі ит пен мысықты аулау тәртібі өзгеретінін айтты.
«Қазір қаңғыбас ит пен мысықты аулау және жою бұрынғы әдіспен жүргізілуде. Бірақ 1-наурыздан бастап бұл әдісті қолданбаймыз. Одан әрі оқшаулау пунктіне апарып, 5 күн көлемінде иесін іздейміз. Сол уақыт аралықта залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Сосын бұрынғы орнына қайта жібереміз», – дейді Нұрлан Төлегенов.
Ал өмір сүруге қабілетсіз және басқа да ауру таратуға жататын жауар болса, олар қағидаға сәйсек жойылуға жатады.
– Қаңғыбас жануарларды аулау бойынша қалалық ветеринария станциясы тікелей осы жұмысты атқарады. 2020 жылы 9897 ит ауланып, жойылса, 393 ит пен 6 мысық бақылауға алынды. 10 күн аралығында ит иесіне қайтарылады. Бірақ иесінің жауапкершілігіне алынады. Күнделікті мамандар бақылауында болады, олар барып қадағалап тұрады. Өткен жылы бақылауға 284 ит, 52 мысық алынған. Олар адамға шабуылдаған. Десе де ешқайсысында құтыру ауруының белгісі жоқ, – деді Н.Сейітұлы.
Облыс бойынша ит-мысықтың саны – 56 мың. Деректерге көз салсақ, өткен жылы облыс бойынша 24823 қаңғыбас ит пен мысық ұсталған. Адамға шабуылдау, тістеу, көшеде агрессиялық мінез көрсетуіне байланысты ауланған. Барлығы қағидаға сәйкес жойылды. Бірақ заңға сәйкес, енді жойылмауы мүмкін.
Қараусыз жануарға қатысты мәселе көп. Таяқтың тағы бір ұшы дегендей, өзге елдерде олардың арнайы құжатына, куәлігіне бақылау күшті. Екіншіден, тұмылдырық пен қарғыбауының болуы міндеттеледі. Ал бұл үрдістің өңір түгілі, елімізде толықтай жүйелі қолданысқа енбеуі алаңдатарлық жайт. Тек жылдар бойы жалғасып келе жатқан проблема сан соқтырмаса игі…

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!