Солтүстік Қазақстан облысында құмар ойындарға қатысқаны үшін 9 мемлекеттік қызметкер қызметінен қуылды. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің мәліметінше, бұл тұлғалардың әрекеті қызметтік әдепті өрескел бұзу деп танылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Статистикаға сүйенсек, өткен жылы Тайынша, Ақжар және Есіл аудандары әкімдіктерінің 6 қызметкері лудоманияға байланысты жұмыссыз қалған. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 3 шенеунік дәл осындай себеппен қызметінен босатылды. Ведомство өкілдері бәс тігу мен казиноға тәуелділік мемлекеттік қызметкерлер арасында күрделі мәселеге айналып отырғанын ашық мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қызметкердің азарттық ойындарға қатысуы оның беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де арттырады. Осы оқиғалардан кейін өңірде мемлекеттік аппарат өкілдері арасында лудоманияның алдын алу бойынша белсенді профилактикалық жұмыстар қолға алынды.
Анықтама ретінде айта кетсек, Қазақстан заңнамасына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің моральдық-әдептілік бейнесіне қайшы келетін әрекеттері, соның ішінде құмар ойындарға баруы тәртіптік жауапкершілікке, тіпті жұмыстан шығаруға негіз болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
