«Отан – отбасынан басталады» дейді қазақ. Бұл – жай ғана мақал емес, бүтін бір ұлттың өмірлік философиясы. Себебі әр адамның мінезі, болмысы, тәрбиесі, елге деген сүйіспеншілігі ең алдымен шаңырақта қалыптасады. Әкенің өнегесі мен ананың мейірімі сіңген үйден ертең елдің тізгінін ұстайтын азамат өсіп шығады. Сондықтан отбасы – қоғамның ең кішкентай бөлшегі ғана емес, мемлекеттің мызғымас тірегіАл бүгін – Халықаралық отбасы күні. 

Осы құндылықты әлем елдері де ерекше бағалайды. 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 15 мамырды Халықаралық отбасы күні деп бекітті. Мақсат – отбасы институтының маңызын арттыру, қоғам назарын отбасы мәселелеріне аудару. Содан бері бұл күн тек мереке ретінде емес, адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін рухани датаға айналды. 

Қазақ халқы қашанда отбасыға айрықша мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бекер айтылмаған. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, бір үзім нанды бөліп жеу, ағайынның амандығын бәрінен жоғары қою – біздің қанымызға сіңген қасиет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та отбасы дәстүрінің ұлттың рухани өзегіне айналғанын бірнеше мәрте атап өтті. Расында, берекелі отбасы көбеймей, қуатты қоғам қалыптаспайды. 

Бүгінде мемлекет тарапынан отбасыға деген қолдау жыл сайын артып келеді. Ана мен баланы қорғау, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі болып өсуіне жағдай жасау – ел саясатының маңызды бағыттарының бірі. Қазіргі таңда облыста 17 мыңнан астам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері бар. Ал көпбалалы отбасылар саны 48 мыңнан асады. Бұл – қазақы құндылықтың әлі де өміршең екенін көрсететін көрсеткіш. 

– Бүгінгі таңда аймағымызда өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, көзі ашық, көкірегі ояу болып өсуіне жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. 

Өздеріңізге белгілі, отбасы құндылықтары мен киелі шаңырақтың қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, рухани-адамгершілік тәрбиені дәріптеу мақсатында барлық аудандарда неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар кеңесіне арналған кабинеттерді бір орталыққа тоғыстырған «Руханият орталықтары»ашылды. Бүгінгі күні орталықтардакүнделікті мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылуда, – деп атап өтті Қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов. 

Алайда бүгінгі қоғамда отбасы институтына сын-қатер де аз емес. Технология дамыған сайын адамдар бір-бірінен алыстап бара жатқандай. Бір дастарқан басында отырып, бір-бірімен сөйлеспейтін отбасылар көбейді. Әлеуметтік желі шынайы қарым-қатынастың орнын алмастыра бастады. Ажырасу көбейді, жауапкершіліктен қашатын жастар артты. Кейде материалдық жағдай бірінші орынға шығып, рухани тәрбие кейінге ысырылып жатады. Осындай кезеңде отбасы құндылықтарын сақтау бұрынғыдан да маңызды. 

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да маңызды мәселе. Осы бағытта салынып жатқан 300 орындық балалар тынығу лагері, Ботаникалық білім беру орталығы, спорт кешендері мен шығармашылық орталықтар – өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жасалған инвестиция. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі әке мен ана. Оның қандай ортада өсетіні болашақ қоғамның бет-бейнесін айқындайды. 

Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған инклюзивті спорт орталығының ашылуы да – қоғамдағы қамқорлықтың көрінісі. Мұндай орталықтар тек балаларға емес, ата-аналарға да үміт сыйлайды. Өйткені отбасыға көрсетілген қолдау – тұтас қоғамға жасалған қамқорлық. 

Халықаралық отбасы күні аясында өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының да тәрбиелік маңызы ерекше. 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жоба сан мыңдаған шаңырақты көпке үлгі етті. Бұл байқау – байлықпен емес, бірлікпен бағаланатын бәйге. Татулықты ту еткен, ұрпағына өнеге бола білген отбасылардың мерейін үстем ететін жоба. Осы уақытқа дейін облыстан 3000-нан астам отбасының қатысуы халықтың бұл бастамаға бейжай қарамайтынын аңғартады. 

Шын мәнінде, отбасы – адамның алғашқы мектебі. Баланың бойындағы мейірім де, жауапкершілік те, адалдық та ең әуелі үйде қалыптасады. Егер шаңырақта сыйластық болса, қоғамда да тұрақтылық болады. Ал отбасындағы береке – мемлекеттің беріктігінің кепілі. 

Қазіргі қоғамға зәулім ғимараттан бұрын, саналы ұрпақ керек. Қымбат көліктен бұрын, бір-бірін құрметтейтін отбасы қажет. Себебі таспен қаланған қала емес, тәрбиемен қалыптасқан ұлт мәңгі жасайды. 

Халықаралық отбасы күні – жай ғана күнтізбедегі дата емес. Бұл – әр адамға өз шаңырағына бір сәт үңіліп қарауға мүмкіндік беретін мереке. Ата-ананың қадірін түсініп, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға үндейтін рухани мейрам. 

Берекелі отбасы – бақытты қоғамның бастауы. Шаңырағы шайқалмаған елдің  тұғыры берік болмақ. Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтау – тек мемлекеттің емес, әр азаматтың ортақ міндеті. Ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамайтын, бірлігі бекем, мейірімі мол отбасылар көбейе берсін. Сонда ғана еліміздің ертеңі еңселі, болашағы баянды болмақ. 

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!