SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұрғын үй ауласында намаз өткізген Өзбекстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, елден шығарылды.
Примор аудандық соты Өзбекстан азаматы Ш. Дадабоевты Ресей Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 5.26-бабы 5-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған. Аталған бап «заңсыз миссионерлік қызметке» қатысты.
Тергеу дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 12 мамырда полиция қызметкерлері Савушкин көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында көпшілік алдында діни рәсім өткізіп жатқан ер адамды анықтаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол имам рөлінде болып, намаз ұйымдастырған.
Алайда оның миссионерлік қызмет жүргізуге қажетті құжаттары болмаған. Сонымен қатар діни рәсім өткізілген орын да заң талаптарына сай келісілмеген.
Сот бұл әрекетті белгілі бір діни ілім туралы ақпаратты сол дінге қатысы жоқ адамдар арасында тарату ретінде бағалап, әкімшілік құқықбұзушылық құрамына жатқызды.
Сот отырысында Дадабоев кінәсін мойындап, Ресей заңнамасын білмегенін айтқан.
Сот шешімімен оған 30 мың рубль көлемінде айыппұл салынып, Ресей Федерациясынан мәжбүрлі түрде шығарылу жазасы тағайындалды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
