Фото: ашық дереккөзден

Қырмызы қыздардың білім алуы қай ғасырда болсын өзекті. Өйткені 1920-1930 жылдары елімізде бастауыш мектепте оқитындардың 11%-ы ғана қазақ қыздары болған. Ал қазір 100 пайызға жеткені белгілі.

Ал адами капиталға келсек, оның еңбек нарығындағы орны, білімі, денсаулығы, физикалық қабілеті де негізге алынады. Қазір дамыған елдерде адами капиталға біліммен қатар денсаулықтың да үлкен үлесі бар. Сол үшін адами капиталға үнемі инвестиция құю қажет. Инвестицияны қажет ететін ол – білім мен медицина. Яғни, көкірегі ояу, көзі ашық, дені сау адам кез келген тығырықтан шыға алады. Ғалымдар зерттеуінде бойындағы қарым-қабілетін білетін жандар дағдарыс кезеңдерінде жол таба білетінін жазған. Сондықтан қаржы капиталы басым адам кез келген ситуациядан шыға алады деу қате. Өйткені білім мен денсаулықты негіз еткен адами капиталдың бәсі жоғары.

Дегенмен, дені сау, білімді адам қабілетін еңбек нарығында сынайтыны белгілі. Елімізде бастауыш, орта, жоғары біліммен қамту деңгейінің жоғары екені имәлім. Бірақ олардың іске келгенде осалдық танытатынын байқаймыз. Яғни, икем дағдысы аға ұрпақпен салыстырғанда төмен. Мұны қай саланы алып қарасаңыз да, байқау оңай. Ал бұл сыни тұрғыдан ойлау дағдысымен тікелей байланысты. Сондықтан қазір Қазақстанның адами капиталды дамыту индексінде көтерілуі үшін сыни тұрғыдан ойлауға маңыз беріліп келеді.

Иә, «мұның бәрінің қыздардың білім алуына қандай қатысы бар?» дерсіз. Өйткені қыздардың заман талабына сай білім алуы сауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады. Мысалы, көзі ашық келіншек құрсағына бала біткеннен бастап не істеу керегін біледі. Талдама жасату, дәрумен қабылдау, дұрыс тамақтанудың маңызын түсінеді. Демек, келер ұрпақтың денсаулық критерийі барынша қадағаланады деген сөз. Артынша оның жақсы мектепте білім алып, үйірмеге қатысуына да жағдай жасалады. Осы тұста әлеуметтанушы Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, тек ЖОО дипломы бар қыздар саналы ұрпақ тәрбиелейді деу қате пікір. Жалпы, рухани дүниесі бай, саналы келіншектер де тәрбиелі ұл-қыз өсіріп отыр.

– Халықтың 51,5%-ы әйел болғандықтан, әрине міндетті түрде олардың еңбек нарығында атқаратын қызметі жоғарылап барады. Сондықтан әйелдің білім деңгейі, денсаулық деңгейі жақсы болса, болашақта демографиялық ахуалға әсер етеді. Бірақ гендерлік өтпелі кезең мен демографиялық өтпелі кезеңге қарасақ, әйел адамның білім деңгейі көтерілген сайын, ол гендерлік өтпелі кезеңді оңай еңсереді. Тиісінше оның еңбек нарығындағы үлесі артқан сайын туу деңгейі төмендейді. Әрине, білімі жоғары, денсаулығы жақсы әйелдің дүниеге дені сау ұрпақ әкелу ықтималдығы жоғары. Бірақ бала тәрбиесіне келсек, бәрі балаға қаншалықты көңіл бөлінетініне байланысты. Отбасындағы құндылық да маңызды рөл ойнайды. Қазір жаңа туған балалардың арасында аутоиммундық туабітті аурулар көбейіп бара жатыр. Сондықтан баланың аман-сау дүниеге келу факторын алып қарасақ, мұнда әйелдің білімінен гөрі денсаулығы маңызды, – дейді әлеуметтанушы-демограф А.Сағынбаева.

Сонымен қатар ол ұрпақ тәрбиесіне келгенде негізгі жүк анаға түскенімен, әкенің де үлесі барын атап өтті. Оның айтуынша, баланың мектеп қабырғасында, әртүрлі үйірмеде, қоғамдық ортада бейімделуі де бала тәрбиесіне әсер етеді. Әрі ол елімізде әйел не бала тәрбиесіне не жұмысқа басымдық беретінін ұмыт қалдырмады. Яғни, мансап жолын таңдаған әйелдің баласын атасы мен әжесі, күтушісі, балабақша қарайтыны белгілі. Сондықтан әлеуметтанушы мұндай мәселеге келгенде, жалпы емес, жекелей жағдайға мән беруді ұсынады.

– Әйелдер мен қыздар уақыты мен күшін ер адамдарға қарағанда үш есе көп жұмсауға мәжбүр болғандықтан, олар оқуды аяқтағаннан кейін жақсы және қауіпсіз жұмысқа орналасуы қиын. Мұндай жағдайды бүкіл адамзаттың игілігіне қарай өзгерту қажет. Қыздар техника және цифрлық технологиялар саласында жұмыс істеу үшін болашақта қажет болатын дағдыларды меңгеруге ұмтылуы қажет, – делінген зерттеуде. Біз көбіне қоғамдағы қарама-қайшылықпен бетпе-бет келеміз. Аймақтарда әлі де болса қыздардың жоғары білімін жалғастыруға тыйым салып, ертерек тұрмыс құруын қалайтын ата-ана бар. Білімі мен білігі сәйкес келсе де, жұмыс берушілер түйіндемедегі «тұрмыс құрған» деген пунктке үрке қарайтыны жасырын емес. Бірақ олар да жауапкершілік тұрғысынан алғанда қыз-келіншектерге жетері жоғын білсе де, мойындағысы келмейтіндей әсер қалдырады. «Ана бір қолымен бесікті тербететінін» айтсақ та, әлеуметтік ортада құрмет көрсетпейтініміз тағы бар. Алайда бала тәрбиесіне келгенде оларға қоятын талабымыз жоғары. Демек, қызға артылар жүктің салмағын уақыт таразысы да көтере алмасын ұғамыз.

Сандуғаш ҚЫЛЫШБАЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!