Астанада 1 тамыздан бастап дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Биыл акция аясында елордадағы 8 500-ден астам оқушыға мектепке қажетті құралдар мен рюкзактар беріледі. Акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға қолдау көрсету.

Биыл демеушілердің қаражаты есебінен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға көмек көрсетіледі. Оларға мектеп рюкзактары мен оқу құралдары табысталады.

Қазір елорданың білім беру ұйымдарында акция аясындағы жұмыстар жүргізіліп, көмекке мұқтаж балалардың тізімі нақтыланып жатыр.

Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдау Жалпыға бірдей міндетті оқу қоры арқылы да көрсетіледі. 2026 жылы осы қор аясында бір оқушыға берілетін материалдық көмектің мөлшері 50 851 теңгені құрайды.

Қаражат Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысында белгіленген әлеуметтік осал бес санатқа жататын балаларға беріледі. Ата-аналар мен заңды өкілдер мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын өз қалауы бойынша сатып алуы үшін қаражат олардың есепшоттарына аударылады.

Қазіргі таңда елордалық мектептерге материалдық көмек алу үшін 5 мыңнан астам өтініш түскен. Өтініштерді қабылдау және қарау жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, 2–31 тамыз аралығында Астананың барлық ауданында мектеп жәрмеңкелері өтеді. Онда мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары және оқу жылына қажетті басқа да өнімдер қолжетімді бағамен ұсынылады.

Сондай-ақ қалада «Мейірімді қолдар» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Оның аясында аудан әкімдіктері мектеп құралдары мен оқу жабдықтарын жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатады.

«Мектепке жол» акциясы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетіп, олардың жаңа оқу жылына қажетті құралдармен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!