Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов қала тұрғындарымен кездесті. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен жиынға келген халыққа атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайы айтылды.  

​Биыл Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 53 млрд. теңге бөлініп, ірі жобалар жүзеге асуда.
​Аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында бір мезетте қатарынан үш бірдей ғимараттың іргетасы қаланды. Олар 1,6 млрд. теңгені құрайтын «Неке сарайы», 3,7 млрд. теңге болатын 1000 орындық «Көпфункционалды кешені» және 2,8 млрд. теңгені құрайтын «Облыстық қан орталығының» құрылыстары. Бұл ғимараттар қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындарымызға ерекше тарту болмақ.

​Сонымен қатар, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы қарқын алды.

​Инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 31 млн АҚШ доллары болатын «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының құрылысы  басталды.

​«Қазгермұнай» Ұлттық компаниясы басшылығы заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасын қолға алды. Одан бөлек, шаһарымызда 200 төсектік жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы басталады.​Қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының да іргетасы қаланды. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлескен жұмыстар 2025 жылы аяқталып, жаңа нысан ел игілігіне беріледі. Бұл арқылы қала аумағы сапалы жылу және электр энергиясымен толық қамтылатын боламыз.

​Бүгінде қалада бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстары жүруде. Ауқымды жобаларға республикалық және облыстық бюджеттерден 27 млрд 510 млн теңге бөлінді. Осы нысандардың құрылысы аяқталысымен, баспана кезегіндегі тұрғындарға пәтер кілттері табысталады. Ескеретін жайт, құрылыстағы биылғы ерекшелік Сол жағалаудан 7 қабатты 6 үй бой көтеруде.  ​

Бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсектік көпбейінді аурухана салуға республикалық және облыстық бюджеттерден 3 млрд. 272,4 млн. теңге бөлінді.

​«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі 8 мектеп салу жоспарлануда. Оның бесеуінің құрылысы биылғы жылы басталады. Сол жағалаудан 400 орындық және 300 орындық жатақханасымен физика-математикалық мектеп-интернатының құрылысы жүргізіледі.

​12 көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу үшін 773,8 млн. теңге бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстары жуық арада басталады.

​Бюджеттің барлық түрлері мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы құны 12 млрд. теңгеге қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 238 көше жөнделеді.​Жалпы биылғы жылы басымдық қаланың шет аймақтарындағы көшелерге берілді.

​Биылғы жылы жылу желілерін қайта жаңғыртуға 8 жоба әзірленді. Оған республикалық бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойындағы жылу құбырларын жер астымен жүргізуге  5,2 млрд теңгесі қаралды. Жұмыстар жақын күндері басталады.

​Қала аумағындағы 17 көпқабатты тұрғын үй аулаларын күрделі жөндеу үшін облыстық бюджеттен 300,0 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

​Биыл тозығы жеткен ауыз су және кәріз су желілерін қайта жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3 млрд. 791 млн. теңге қаралды. Зерделеу бойынша анықталған аумақтардағы желілер жаңаланып, қосымша жұмыстар жасалынады.​Бұл кездесуде атқарылатын жұмыстардан бөлек, өзекті  мәселелер бүкпесіз ашық айтылды. Барлық ұсыныс хаттамаға енгізілді. Жүздесуден кейін шаһар басшысы Асылбек Шаменов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендердің талап-тілектері тыңдалып, оларға нақты жауаптар берілді.

339318577_711537797427953_1269479010900183407_n.jpg
338417085_537944245139474_4323987490676037821_n.jpg

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!