Бақыт – дерексіз ұғым. Дерексіз ұғым­дардың қайсыбірінің нақты анықтамасы бар? Ешбірінде де жоқ, тек әр замандағы қоғамда бақыт туралы өзіндік пәлсапа қа­лыптасады.

Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Бақытқа жету жайында», «Бақыт жолын сілтеу» сынды еңбектерінде бақыт ұғымына тоқталып, бақытты адамның қандай болатыны туралы сұрақтарға кеңінен тоқталған. Оның жазғандарына зер салатын болсақ, бақытқа жету жолындағы ізгіліктердің басына білім мен ізденісті қоятынын көреміз. Ол адам бақытқа жету жолында бастан өткеретін әрекет, жан әсері мен ақыл-парасат деген үш түрлі жағдайдың ішінде соңғысына айрықша тоқталады. Қоғам жақсара түсуі үшін басшыдан бастап әрбір азамат оқу мен білімге талпыну қажеттігін алға тартады. Оның ойынша, адам баласы бақытқа жету үшін талпынатын мақсат көп. Әуелі ол білімді, сонан соң қанағат, ақыл-парасат, жақсы мінез-құлық, кішіпейілділік, (жаман сөз айтпау, зорлық-зомбылық жасамау, отбасына жақсы қарау, сауапты іс жасау) секілді этика ғылымына қатысты жайттарды сөз еткен. Сондай-ақ ұстамдылық, сөзге тапқырлық, ысырапшылдық, жомарттық, рахат сезім деген не, абзал істер, адам мақсатының түрлері, білім мен өнер, олардың түрлері, философия және оның түрлері, философ деген кім, оған қойылатын талаптар қандай, логика өнері, грамматика өнері секілді мәселелер сөз етілген.

Ғалым өзінің трактаттарында мидан да маңызды нәрсе – жүрек деп айтқанын естен шығарып жатамыз. Адамдар ұлы ұстаз сөз ететін, игіліктердің ең қадірлісі және ең жетілгені – бақытқа жету жолында өз жүрегінің үніне құлақ түрмейді. Үстем күштің мекені мен ішкі табиғи жылылықтың қайнар көзі бірінші орында болуын ойлаудан гөрі қоғамдағы таптаурындардан жасалған бақытқа қол созады. Әбу Насыр адам бақыт биігіне жету үшін соған жеткісі келетін кісіден сол жолды игерудің әдісі мен амалын табуды талап ететінін ескертеді де «алдымен ескертіп алайық, адам өмірінде кездесетін жағдайлар мыналарға бөлінеді: артынан мадақтауға және жазғыруға болмайтын жағдайлар және мадақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайлар» дейді. Сөйтеді де, «артынан мадақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайларда адам бақытқа жете алмайды. Нәтижесінде әрі мадаққа, әрі жазғыруға болатын жағдайлардың жиынтығы қосыла келгенде ол бақытқа жетеді» деп ой түйеді.

Фараби қалдырған қазына – дұрыс әрі бақытты ғұмыр кешудің нұсқаулығы десек те болады. Расымен солай. Егер нұсқаулық бар болса, онда неге сонша ғасырлар бойы біз әлі күнге дейін бақытты іздеуден жалықпаймыз, онда неге Фарабитанушылар, Фарабиді зерттеушілердің бәрі өміріне дән риза, шексіз бақытты болып кетпеген дейсіз ғой?! Бақыт туралы білу, оны түсіну бақытты болу үшін тым аздық етеді. Бақытты болуды үйрену мүмкін емес. Әр адам бақытқа өзіндік күреспен, өздігімен келеді. Өзінше түсінеді, өзінше бағалайды.

Диана АСАНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты,

Ғылыми жетекші: Данат ЖАНАТАЕВ, ф.ғ.к., доцент

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!