Фото: stock.adobe.com

Балаларды қорғау күні – жыл сайын 1 маусымда атап өтілетін халықаралық мереке. Бұл күннің тарихы 1925 жылы Женевада өткен әлемдік конференцияда басталған. Сол жиында бала құқықтарын қорғау және олардың жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды. Араға жылдар салып, балаларды қорғау күні алғаш рет 1950 жылы ресми түрде әлемнің 51 елінде тойланды.

Бұл күн балаларды қорғауды, оларға қолайлы орта жасауды көздейді. Ел тұтқасын ұстайтын ұрпаққа қауіпсіз, сүйіспеншілікке толы болашақ қамтамасыз ету – әр ел мен қоғамның басты міндеті.

Мереке қарсаңында республикалық дәрежеде түрлі іс-шара, жиын мен басқосулар ұйымдастырылуда. Қызылордалық балаларға арналған мерекелік шара биыл қалалық мәдени және демалыс паркінде өтті. Жиынға қатысқан қала әкімі Серік Қожаниязов робототехниктердің жобаларын, жас суретшілер мен қолөнер бұйымдары көрмесін, кітап көрмесімен танысып, түрлі спорт түрлерінен өткен сайыстарды тамашалады. Сондай-ақ, Атамекен балалар ауылында «Біз бақытты баламыз!» тақырыбында үздіктерді және шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген қызметкерлерді марапаттауға арналған жұлдыздар шеруі өтті.

Балалардың жазғы демалыстарын тиімді өткізуіне арналған қала мектептері жанынан жазғы тынығу лагерлері жұмыс істеуде. Олардың ішінде этно, археологиялық, спорттық лагерьлер бар. Мұнан бөлек балалар Түркістан облысындағы «Қуаныш», Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» тынығу лагеріне демалысқа жіберілуде.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сәйкес биыл аймақтағы 8 лагерьде 7 ауысымда 7035 бала демалыспен қамтылады. Одан бөлек, 290 мектептің жанынан тамақпен және тамақсыз күндізгі тынығу лагерьлерінің жұмысы ұйымдастырылады. Онда 98 мыңға жуық оқушы демалысын өткізеді. Сонымен қатар 5646 бала облыстан тыс орналасқан лагерьлерге барады.

− Облыс көлемінде орналасқан жазғы сауықтыру лагерьлеріндегі су айдындары мен жабық бассейндерден 24 су сынамасы және топырақтан 18 сынама іріктеліп алынды, зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша сынамалар гигиеналық нормативтерге сәйкес келеді. Маусым бойы су айдындары мен бассейндердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілетін болады, − деді Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев.

Аталған күн тек мерекелік шаралармен ғана шектелмейді. 1 маусымда бала құқықтарын сақтау және қамтамасыз ету, әр сәбидің бейбіт заманда өмір сүру мәселелері қарастырылады. Балалардың құқығын қорғау бойынша халықаралық конвенциялар негізінде көп елде арнайы бағдарламалар іске асырылуда.

1989 жылы БҰҰ қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция – осы бағыттағы маңызды құжат. Конвенцияның негізгі қағидаттары – баланың мүддесін бірінші орынға қою, кемсітпеу, өмір сүру және даму құқығын қорғау. Бұл құжатқа қол қойған мемлекеттер өз міндеттемелерін орындауға және балалардың құқықтарын қорғауға міндетті. Қазақстан осы заңнамаға сәйкес 2002 жылы 8 тамызда «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заң қабылдады.

Әрбір ата-ана, ұстаз, тәрбиеші балалардың құқығын сақтау және оларды қорғауға міндетті. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, білім беру саласындағы әділдік пен теңдік, медициналық қызметтерге қолжетімділік – мұның барлығы маңызды аспектілер. Балаларға қолайлы орта жасау – жарқын болашақтың кепілі.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!