Нәзік жанды әйел баласының қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерекше. Өйткені, әйел алдымен отбасының ұйытқысы, ең бастысы «ана» деген киелі ұғымның иегері, сұлулықтың символы. Қазіргі уақытта көптеген отбасыларда бар ауыртпашылықты арқалап жүрген де әйелдер. «Әйел – бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді» деп бекер айтылмаса керек. Қазақтың көшпелі дәуірінде де қыздарды, әйелдерді жоғары бағалаған. «Олар – өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі» деп бағалаған.

Бүгінгі таңда гендерлік саясат туралы пікірлер қоғам арасында түрлі пікірлер қалыптастырған. Ал негізінен қазақ халқы, әйел баласының орнын ерекше айқындап, қамқорлықтың сан қилы статегиясын қалыптастырған.

Қазіргі ел ішінде жүргізіліп жатқан гендерлік саясат әйел баласына айрықша әлеуметтік жағдай жасап, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерді шешудің бастапқы қадамдарының бірі деп атап өтсе болады.
         Дүние жүзінде мемлекеттік шешімдер дайындау мен қабылдау ісіне әйел өкілдерінің қатысуы қоғам дамуының көрсеткіші болып саналады. Билік құрылымдарында әйелдер саны 30-40 % жеткен жерлерде қоғам тұрақты және әлеуметтік бағыттанушылық қалыпта дамиды.

Әйелдердің білім деңгейінің анағұрлым жоғары болуы, әйелдердің саясатқа қатысуы еркектермен лайықты бәсекелестікті құрап, елдегі істің жағдайының жақсаруына ықпал етуі, әйелдер әлдеқайда тындырымды, ұқыпты, тіл табысқыш, адамдарға үлкен ынтамен қарауға және қамқорлық жасауға бейім келеді. Сондықтанда, әйел азаматтарының билік басында жүруі керісінше, еліміздің дамуына одан да жоғары септігін тигізері анық.
         Тарих беттеріне үңілетін болсақ, қазақ әйелдері қай кезде де қоғам өміріне араласып, белсенділік танытқан. Қазақ қоғамында әйелдерге жер бетіндегі тірліктің бастауы ретінде құрмет көрсете отырып, әйелдерді еркектермен бір сатыға қойған. Ел анасы болған, ерге ақылшы, екі елдің арасын қосуда ақыл даналығымен ел аузында есімі сақ дәуірінен бері сақталған Домалақ-ана, Айша-бибі, берідегі Шоқанның анасы Зейнеп, Кенесарының қарындасы Бопай т.б. есімдер бүкіл қазаққа әйгілі.
Ата-бабаларымыз да әйелді құрмет тұтқан. Содан да болса керек, ұрпақ тәрбиесін әйел-анаға жүктеген.

Cоңғы жылдары еліміз батыстық үлгідегі гендерлік саясатты пайдаланып, қыз-келіншектердің құқығын қорғап, олардың қоғамдағы рөлін көтеру ісімен мемлекеттік деңгейде айналыса бастады. Осының нәтижесінде елімізде гендерлік саясаты сәтті орындалып, билік тізгінін ұстаған қыз-келіншектердің саны арта түскені де жасырын емес.
         Әйел – «от басы, ошақ қасы» дейтін ұғым көшпелі дәуірде қалды. Рас, қазақ әйелі ежелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп қараған. Қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің жұмыстарына баулып отырған. Ол түсінікті де. Алайда, егер қолынан келсе, нәзік жандылардың билікке араласуына әбден болады. Қазір тарихи сахнада ғылым, білім, техника, ақпарат, сауаттылық заманы. Ерлердің ісі болып есептелетін салада әйелдердің саны артып келе жатқандығын кім де болса мойындайды. Әйел көлікті де жүргізе алады, ұшақты да басқарады. Саясат пен басқару саласында әйелдердің өз орнын табуына мүмкіншілігі жеткілікті, өйткені саясатта қара күш емес, біліктілік пен қабілеттілік қажет. Болашақта интеллектуалды ұлт боламыз десек, бізге байыпты гендерлік саясат қажет.

Ақ жаулықты аналарға деген құрмет сонау ата-бабаларымыздан бүгінгі күнге дейін келе жатқан тәрбиенің ең басты құндылығы болып табылады.  

    Гендерлік саясат – әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу болып табылады, сонымен қатар гендерлік саясат ашық түрде насихатталуы тиіс.

Қызылорда қалалық сотының судьясы   

М.Ақынбек

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!