Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне арнайы іссапармен келген «Vana International Holding» халықаралық компаниясының өкілдерімен кездесті.
Кездесуде тараптар әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту, оны сенімгерлік басқаруға беру арқылы заманауи тетіктерді енгізу және халықаралық стандарттарға сай тиімді логистикалық хаб қалыптастыру мәселелерін талқылады. Қызылорда облысының әкімдігі мен «Vana International Holding» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жаңа жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, ішкі және халықаралық көлік дәліздерімен тиімді интеграциялануына жол ашады. Сонымен қатар аймақтың инвестициялық тартымдылығына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына серпін бермек.
Еске салайық, 2024 жылғы 12 қарашада Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы пайдалануға берілген болатын. Заманауи талаптарға сай нысан өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерді.
Қазіргі уақытта әуежайдан аптасына 28 рейс, атап айтқанда, Астана қаласына 20, Алматы қаласына 8 рейс ұшады. Өткен бірінші тоқсанда әуежай қызметін пайдаланған жолаушылар саны 47,6 мың адамға жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 58,5 пайызға артқан.
Әуе тасымалына деген сұраныстың тұрақты өсімі, жүк айналымының ұлғаюы болашақта Қызылорда облысын ірі көлік-логистикалық тораптардың біріне айналдырады.
Жоспарланған сауда-логистикалық орталық тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, өңір экономикасының жаңа драйверіне айналатын және халықаралық сауда, инвестиция ағынын бұруға бағытталған стратегиялық қадам болмақ.


Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!