Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Ардақты аналар, қадірлі қыз-келіншектер!

Сіздерді көктемнің көрікті мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әйел-аналардың қай заманда болсын өмірдің кез келген саласында өзінің лайықты орны бар.

Біздің аналарымыз, аруларымыз тек отбасының ұйытқысы ғана емес, олар – бүкіл қоғамды алға сүйреп, ел ынтымағын нығайтып, несібесін молайтып жүрген қуатты күш.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бала тәрбиесіне қашанда ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз болашақ ұрпақты дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қияға ұшыратын аналарды ардақтай да, аялай да білген.

Алыптың да анадан туатынын ескерсек, нәзік жандыларға деген құрмет те, қошемет те, қолдау мен қорғау да мемлекеттік тұрғыда күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе болып қала береді.

Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңізбен отбасының ғана емес, тәуелсіз еліміздің дамуына зор үлес қосып жүрсіздер. Қандай қиындық болса да мойымай, ауырлықты көтере білетін қайсарлықтарыңызды дәлелдеп келесіздер.

Әсем көктемнің тамаша мерекесі әрдайым қуаныш сыйлап, жүздеріңіз жайнап, айналаңызды шуаққа бөлей беріңіздер.

Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шадыман шаттық, бақ-береке, амандық тілеймін!

Мереке құтты болсын!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!