ХХІ ғасырдың

сауда орны

Интернет технологиялар бүгінде компьютерде ақпаратты тасымалдау мен өңдеу бағытында дамушы және қолайлы мүмкіндік ретінде саналады. Осы бағытта пайдаланылатын қолданбалы бағдарламалар саны күннен-күнге артуда. Интернет бұл – әртүрлі ақпарат көзіне қолайлы жол. Мысалы, өз алдына оқу, интернет-дүкендер, интернет-банкинг және басқалары.  Ғаламтор – әлемнің әр түпкіріндегі адамдармен араласуға, кез келген қажетті ақпаратты тез, әрі қолайлы түрде іздеп табуға, түрлі тауарларды алуға, сатуға, бүкіл әлемге хабарлағысы келген деректі көпшілік үшін жариялауға мүмкіндік беретін барынша күрделі, әрі жоғары технологиялық жүйе. Ғаламтор бірте-бірте сауда жүйесіне еніп, сауда жасаудың ең тиімді жолы тұтынушының уақытын үнемдеді. Қазіргі заманда дүкен аралап жүргеннен гөрі интернет дүкеннен тапсырыс беретіндер саны өте көп. Осыған қарап ғаламтордың болашағына сенуге болады.

Бүгінде супермаркеттер, үлкен, кіші сауда орталықтары желідегі саудаға қызығушылық таныта бастаған. Әлеуметтік желінің қай түрін алсаңыз да, түрлі сауда орталықтарының жарнамалары толып тұр. Тіпті кішкене ғана енді ашылып жатқан дүкендердің де жеке сайттары мен әлеуметтік желілерде  парақшалары бар. Адамдар күні бойы дүкен аралап іздегенін тапқанша, компьютер немесе ұялы телефон арқылы жарты сағат ішінде жүздеген затына тапсырыс беріп, үйінен алыстамай-ақ сауда жасай алады. Бұл интернет-дүкеннің ең қолайлы тұсы.

Егер бұрын интернет-дүкенді жай тауарлардың фотосуреттері бар виртуалды көрме десек, қазір ол біздің өміріміздің ажырамас бөлшегі секілді. Бұнда азық-түлік пен күнделікті қажетті заттардан бастап, сәнді зергерлік бұйымдар мен саяхатқа арналған жолдамаларды сатып алуға мүмкіндік бар. Ғаламтордан барлығын сатып алып өмір сүру қиын емес. Бірақ бұл дегеніміз интернет-дүкендерден тек қана тауарлардың суретін тамашалап, арзан бағамен тапсырыс беру емес. Қазіргі заманғы веб-дүкен  бұл – сатып алушыны зат  алуға ұмтылғаннан бастап, одан кейін де нұсқау беріп отыратын ақылды интерактивті механизм. Брендтер, өнімдер мен қызметтер туралы толық ақпарат, анықтамалық материалдар, мақалалар, кеңестер, шолулар, ұсыныстар, бонустар, тілектер тізімдері, салыстыру мүмкіндіктері, жеңілдіктер, пошталық хабарламалар, әлеуметтік желілердегі жарнамалық акциялар және т.б. – қазіргі заманғы интернет-дүкендердің мүмкіншіліктері.

Сонымен қазір интернет-дүкендер неге үлкен танымалдылыққа ие? Себебі:

– Көп тауарлар кәдімгі дүкендерге қарағанда арзанырақ болады;

– Интернет-дүкенде тұтынушы уақытын үнемдейді. Олар демалыссыз және мейрам күндері де жұмыс жасай береді;

– Сіз қалаған жерге (кеңсеге, үйге) тегін жеткізеді;

– Төлем қолма-қол ақшамен, пошталық немесе банктік аударыммен тез әрі оңай төленеді;

– Олар жиі акциялар өткізіп, түрлі сыйлықтар таратып отырады.

– Тауар туралы анық ақпарат алуда. Қарапайым дүкендерде тауар жөнінде кеңесшілерге көп сұрақ қоясыз, бірақ олар сізге толық ақпарат бере алмайтын жағдай жиі болып жатады. Ал бұнда сіз тауарға берген басқа тұтынушылардың бағасы мен пікірлерін біле аласыз.

Шетел тұрғындары үшін интернет-дүкендерде сауда жасау қарапайым дүкендер сияқты күнделікті дағдыға айналған. Біз де де солай деуге болады. Қазір барлығы үйінде отырып, тапсырыс бергенді жөн көреді. Интернет-дүкеннің дәуірлейтін шағы әлі алда.

Жансая УӘЛИҚЫЗЫ