Төтенше жағдайда белгі беру, көмекке шақыру және дер кезінде әрекет ету енді көп уақытты талап етпейді. Сіз кез келген оқыс оқиғаның куәгері болсаңыз, өзге жандарды да қауіп-қатерден сақтай аласыз. Біздің қоғамда адам өмірі мен оның қауіпсіздігі – әрдайым ерекше маңызға ие. Кейінгі жылдары қарқынды урбандалу нәтижесінде қаладағы көліктер мен қауіп төндіретін жайттар саны артты. Статистикаға сүйенсек, тек 2024 жылдың өзінде Қазақстан аумағында 11 500-ден астам өрт оқиғасы және 5500-ден астам табиғи әрі техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркелген екен. «Біздің бұл ауқымды жобаны жүзеге асырудағы басты мақсатымыз – жаңа заманның озық технологияларын қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиімді қолдану», – деп бастады өз сөзін жоба авторларының бірі Данияр.

Бұл бірегей жобаның ресми атауы – «Қалада орын алған оқиғаларды хабарлайтын дабыл жүйесі». Заманауи стартаптың авторлары – Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Данияр Ақдәулетов, Әлішер Романқұл және Әлтайыр Төлеген. Олар мектеп қабырғасында жүргеніне қарамастан, ел игілігіне жарайтын, ауқымды әрі жоғары технологиялық жобаның авторы атануы көңілге үлкен мақтаныш пен жарқын болашаққа сенім ұялатады.

Аталған отандық технология арнайы веб-қосымша негізінде жұмыс істейді. Жүйенің техникалық мүмкіндіктері мен қызметі туралы бізге Әлішер егжей-тегжейлі айтып берді:

– Жүйе өрт пен жол-көлік оқиғаларын лезде анықтау үшін «YOLOv8» моделін пайдаланады. Төтенше жағдайға куә болған адам орналасқан жерге қатысты хабарламалар алу үшін бақылау периметрлерін метрлік дәлдікпен белгілей алады. Сондай-ақ, тұрғындар оқиға орнынан фото немесе видео жүктеп, жаңа оқыс оқиғаны тікелей картаға жүктейді, – деді ол.

Инновация - қауіпсіздік кепілі

Басқа ақпараттық қызмет көздері немесе құтқарушылар тек куәгерлердің қоңырау шалуы мен берген есептеріне 100% тәуелді болса, бұл жүйе машиналық оқыту модельдері арқылы қауіпті апатты адамның көмегінсіз анықтайды. Маңызды хабарламалар жүйе арқылы қолданушыға 50 миллисекундтан аз уақыт ішінде жетеді. Яғни хат пайдаланушының телефонына төтенше жағдай тіркелген сәтте-ақ ескерту болып түседі.

Әрине, кез келген үлкен бастама қиындықсыз жүзеге аспайтыны белгілі. Жас өнертапқыш жігіттердің айтуынша, жүйені толыққанды іске қосып, бағдарламалық кодты жазбас бұрын, қала тұрғындарының қажеттіліктері мен әрбір төтенше жағдайдың техникалық ерекшелігін жіті зерттеу керек болған. Әр апаттың табиғаты өзгеше болғандықтан, қосымшаның техникалық талаптары мен атқаратын міндеттерін алдын ала енгізу алғашқы кезеңде едәуір қиындық тудырған. Алайда шыдамдылық пен білімнің арқасында бұл кедергілер де сәтті еңсерілді.

Цифрлық әлемде жалған ақпарат пен фейк дабылдардың болу қаупі де жоғары. «Осы мәселені қалай шештіңіздер?» деген сауалымызға Әлтайырдың берген жауабы бізді таң қалдырды.

– Бұл мәселенің алдын алу үшін біз жүйеге арнайы алгоритмдік баптаулар мен шектеулер енгіздік. Кез келген тұрғын картада оқиғаны геолокациясы сәйкес келген жағдайда ғана белгілей алады. Яғни картада апатты белгілеп, дабыл қағу үшін қолданушы сол жағдайдың тікелей куәгері болуы шарт. Бұл қала ішіндегі қасақана орындалататын кибер-бұзақылық пен жалған ақпарат ағынын бұғаттайды, – деді Әлтайыр.

Жобаға үлкен үміт артуға болады. Болашақта жігіттер қосымшаны қолданысқа енгізіп, ауқымды тестілеу жұмыстарын өткізуді жоспарлап отыр. Жас ғалымдар жүйені одан әрі дамыту барысында сервистің тиімділігін алға тартуды көздейді. Ендеше, төтенше жағдайда лезде көмек алатын кез жақындап келеді.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!