Фото: elements.envato.com

Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев елімізде интернет алаяқтардан 1 миллиард теңгеге жуық ақша қайтарылғанын айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, былтыр интернет алаяқтықтан келген залал 21 миллиард теңге болған.

«Биыл Қазақстанда 3645 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Бұл жалпы қылмыстың – 18 пайызы және барлық алаяқтық дерегінің 43 пайызы. Өңірлерде «Киберпол» мамандандырылған топтары жұмыс істейді. 2023 жылы олар 3,7 мыңнан аса қылмысты ашты. Қазақстандықтарға 850 миллион теңге қайтарылды», – деді Айдос Рысбаев Мәжілісте.

Министрдің орынбасары интернет алаяқтық жасаған 2 мыңға жуық адам жауапқа тартылғанын атап өтті.

«1891 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 460 адам 2 және одан да көп адамды алдаған. Биыл интернет желісін мониторингтеу барысында Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұғаттау үшін 6,1 мың интернет-ресурсқа қатысты ақпарат жіберілді. Оның ішінде алаяқтық белгісі бар 3 мың сайт, есірткі қылмысы бойынша 529 сайт, экстремистік сипаттағы 1,6 мың сайт бар», – деді ол.

ІІМ өкілі интернет алаяқтық шетелде жасалатынын, оны тергеу өте қиын екенін жеткізді.

«Мысалы, 2023 жылдың соңында Астанада алаяқтар жұмыс істеген 4 сall-орталық анықталды. Олардың қызметкерлері тек шетелдік нөмірлерден қоңырау шалған. Сондай-ақ интернет алаяқтық шетелден жасалады. Салдарынан қазақстандықтар зардап шегеді. Мысалы, Украинада Қазақстан азаматтарын алдаған ірі сall-орталық мүшелері ұсталды. Мұндай қылмыстар трансшекаралық сипатқа ие болғандықтан оларды тергеу өте қиын», – деді Айдос Рысбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!