Фото: Видеодан скрин

Ауыл шаруашылығында кадр тапшылығы қатты байқалады. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысында 4 мыңға жуық маман жетіспейді. Тек мал дәрігері, мал мамандары, механизаторлар ғана емес, малшы, шопан, сауыншылар да жетіспейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәселен, Самсоновка ауылындағы шаруа қожалығында мал басы аз, бірақ көбейту жоспарда бар. Бірақ шаруалардың айтуынша, ауылдық жерлерде кадр мәселесі өзекті. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы саласында жұмысшы тапшылығы 200 мың адамға жетеді.

Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істегісі келетіндер жылдан жылға азайып келеді. Фермерлер шығынға батып, малдарын көбейте алмай жатыр. Өйткені жайылымға шығатын ешкім жоқ, мұндай жұмысты ешкім істегісі келмейді. 

«Малшы, сауыншы, жылқышы жетіспейді. Тіпті ірі шаруа қожалықтарында да жұмысшы жоқ. Ал біз сияқты шағын шаруашылықтар үшін бұл өте үлкен мәселе. Егер еңбекақыны шамамен 200 мың деп қойсақ, қолға 150 мың бересің, ал оған ешкім келіспейді», – дейді кәсіпкер Қанат Әскербеков. 

Шаруалардың айтуынша, қазір адамдар мүлде жұмыс істегісі келмейді. Көп ақша тапқысы келеді, бірақ жұмыс істегісі келмейді. Соның салдарынан мал шаруашылығы дұрыс дамымай, мал басы көбеймей жатыр.  

Ресми деректерге сүйенсек, кейінгі бір жылда облыста мал басы 3% ғана өскен. Жағдайдың ауыр болғаны сонша, түбегейлі шаралар қабылдаудың уақыты келді. Ең алдымен, осы мамандықтардың өкілдеріне деген көзқарасты өзгерту керек. 

“Малшылар мен шопандарды екінші сортты азамат деп қарауға болмайды. Сондықтан қазір өз ұсыныстарымызды дайындап жатырмыз. Ол үшін тиісті сертификаттар бере отырып, ветеринария және малтану негіздері бойынша курстарды енгізу қажет. Ал аттестациядан өткен қызметкермен келісім-шарт жасалған, құжат тиісті органдарда тіркелген жағдайда жұмыс беруші жалақыға қосымша субсидиялар төлеуге міндетті.
Қауымдастық өкілдері де ауыл шаруашылығы қызметкерлерін ерте зейнеткерлікке шығаруды көздеп отыр. 55 жаста, қауіпті өндірістегі жұмысшылармен теңестіріледі», – дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушыcы Самат Қыдырмолда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!