Дені саудың жаны сау. Жаратқанның адам баласы үшін берген ең үлкен сыйлығы- денсаулық. Берілген аманатқа қиянат жасамау біздің міндет. Алайда денсаулықтың қадірін түсінбейтін жастар кешеден бүгінге дейін жалғасын тауып көбею үстінде. Соның бірі есірткіге тәуелділік. Бұл қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі. Себебі қазіргі жастар бұл дерттен, есірткіге құмарлықтан арыла алмай отыр. Адам жақсыдан гөрі жаманға жаны құмар келеді емес пе? Заман өзгерген сайын рухани әлем жұтаңдап, желінген үстіне желініп барады. Есірткіге тәуелділік те заманмен, қоғаммен тығыз қарым- қатынаста. Олай дейтініміз нашақор адам айналасындағыларды ластауға бейім болады. Солай қоғамды құртады. Егер есірткіден сақтанғыңыз келсе әуелі есірткінің не екендігімен танысыңыз.

Есірткі – ми жасушаларының жұмысын өзгертіп, адам ағзасында жалған ләззат сезімі мен көтеріңкі көңіл- күй сыйлайтын химиялық зат. Есірткіге бір қадам жақын болған болсаңыз, ешқашан құтыла алмаймыз. Әрине қиындықтың кез келген түрін жоюға болады, алайда есірткіге тәуелділіктен арылу қиынға соғады, онымен қош айтыссаңыз да, денсаулығыңызда кінәраттар қалуы мүмкін. Солай келешегіңізді де жоғалтасыз. Бұл нәрседен құтылудың жолдарын іздестіруді қоғам ешқашан тоқтатпаған. Халқының қауіпсіздігі мен денсаулығын ойлаған қоғамға қызмет етушілер түрлі тәсілдер мен ережелерді ойлап табуда. Қазіргі ақпараттық заманда оларға қызмет көрсететін неше түрлі ресурстар бар. Тіпті, жеке сайттары да жұмыс істейді. Сондай- ақ, есірткі құралдары мен олардың аналогтарын жарнамамен және сатумен айналысатын 72 сайтты тапты. Барлық сайттар бұғатталды. Есірткі заттарын сату бойынша интернет- ресурстарды жарнамалайтын 40 граффити табылды және жойылды.

Есі кіргеннің де, есі кірмегеннің де есін улайтын есірткіден сақ болыңыз. Тәуелсіз елде ешкімге тәуелді болмай өмір сүріп жатқан сізден асқан бақытты адам жоқ. Есірткі сіздің бақытты күндеріңізбен қош айтысуыңызға себепкер болмасын. «Сақтансаң сақтайды» дейді қазақ. Егер сіз өз болашағыңыз бен келешек ұрпағыңыздың қамын ойласаңыз есіркіні ойлауды ойыңызға да алмағаныңыз жөн.

Ақбота Кеңесбек

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!