Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек  Нәлібаев Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берді. Есептік кездесуде шаһар басшысы қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен жыл көлемінде қол жеткен жетістіктеріне тоқталып, биылғы жұмыс жоспарымен де бөлісті.

Жалпы жыл қорытындысында Сырдың бас шаһары қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге ие болды. Атап айтқанда, қала бюджеті 94 млрд. теңгені құрап, өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 480 млрд. теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 105 пайызға артығымен орындалып, облысқа салынған инвестицияның 52 пайызы Қызылорда қаласының үлесіне тиесілі болды.

Қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп беру барысында  қала әкімі 2020 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 371 мың 314 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл көлемінде 1 мың 342 қызылордалық баспаналы болғанын айтты.

«Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда да жаңа жобалар жүзеге асты. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген  9 млрд. теңгеге 408 көшеге ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді» –  деген, шаһар басшысы бірнеше мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, «Тағзым» мемориалы, «Сыр Ана» монументі, «Темір жол» паркі, Назарбаев даңғылы абаттандырылғандығын да атап өтті.

Биылғы жұмыс жоспарын ортаға салған қала әкімі 51,3 шақырым болатын 94 көшеге қиыршық тас төсеу, Сырдария өзенінің сол жағалауынан апаттық үйлерде тұратын отбасылар үшін 50 пәтерлік  тұрғын үй құрылысын жүргізу,  қала  әкімдігіне халықтан келіп түскен арыз-шағымдардың басым бөлігінің көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі екендігін ескере отырып, қалада жеке инвесторлар қаржысына салынып жатқан тұрғын үйлерден 60 пәтер сатып алу, қала тұрғындарының сұрауы бойынша көп қабатты үйлердің аулаларына  ойын алаңдарын салу бағытында жұмыстар жүргізіетіндігін атап өтті. Сонымен қатар жоспарға сай негізгі басымдық – жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту секілді мәселелер берілгендігін айтты.

Есептік кездесуде  сөз алған қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев 2020 жылы қалада ауқымды жұмыс жасалғандығын айта отырып, жыл көлемінде қала әкімдігіне қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелмегеніне ерекше тоқталды. Бұлсыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі екендігін атап өтті.

Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан Сәрсенкүл Биқожа мен Эрик Теңізбаев өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар қала басшысының атқарып жатқан жұмыстарына алғыс білдіріп, өңірдің дамуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге атсалысатындықтарын білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!