Петропавлда прокурорлар мектептегі 9-сынып оқушысының шабуылына қатысты жаңа деректерді жариялады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап. 
Оқиға ақпанда болған еді. Ведомство өкілдері шабуыл жасаған оқушының психиатриялық есепте тұрғанын растады. Сонымен қатар бұған дейін оның өзіне қол салмақ болғаны анықталған. Бұл үшін ол 3 ай сабаққа қатыспапты. Бірақ педагогтар мұны елеусіз қалдырған дейді. 
«Бұл бала 2021 жылы деструктивті әрекет белгілерін байқатып, суицид жасамақ болған. Бірақ мектеп тарапынан денсаулық сақтау органдарына ескертілмепті. Білім беру мекемесінің әкімшілігі суицид жасауына не себеп болғанын анықтамаған. Осылайша бізде денсаулық сақтау мен білім беру ұйымдарында өзара қарым-қатынас жоқ, ал бұған жол беруге болмайды», – деді СҚО прокурорының орынбасары Әбу Әли Саттар. 
Облыстық прокуратурадағы жиын кезінде шабуыл жасағанға дейін баланың өз қатарластары тарапынан қудалауға ұшырағанын айтқан. 
Еске салайық, Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш баланы жарақаттаған еді. Оқиға қаладағы №4 мектепте таңғы 07:50 шамасында болған. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!