Жұмыс үдерісінің үзілмеуіне дәнекер болуға – кез келгеннің дәті шыдас бермейді. Демек, еңбегін ешқашан доғармайтын адам кәсіби тұрғыдан дамуға дәмелі деген сөз. Дүрлігудің дүмпуін сабырмен сейілтетін әділет кіші сержанты Шыңғыс Мұхамеджанға тән қасиеттер бұл. Бүгінде ол ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің режим және күзет бөлімінің бақылаушы-кинологы. Қызметке қадам басқанына небәрі сегіз ай болса да, сенімнен шығуға тырысып келеді.
Ауық-ауық орын алатын күтпеген ахуалдар қызметтің ауқымын айқындай түседі. Таңмен таласа басталатын жұмыс, жоғары жауапкершілік пен психологиялық жүктеме күш-қуатты сарқыса да, сын сәтте сыр бермеуге дағдыланған. Кинолог маманның күнделікті еңбегі де үлкен маңызға ие. Шыңғыс Мұхамеджан қитұрқы әрекетті әшкерелеп, қылмыстық істің ізін суытпай анықтауға септесетін қызметтік иттің күтімі мен машығына мән береді.
Әнге әр беретін гитараға жаны әуес. Бос уақытында бойындағы қабілетті ұштауға бейілді. Иә, перне мен пәрмен – қызығушылығы мен қызметін ұштастырған қос ұғым. Шыңғыстың жұп-жұмыр ісі жұлдызын жоғары етсін дейміз.
З.Қонысжан
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!