2022 жылдан бастап ишан ұрпақтарының бастамасымен Қармақшы ауданының оқушылары арасында Қадырқұл ишан атындағы стипендия табысталып келеді. Жобаның мақсаты Қадырқұл ишан есімін жаңғырту, ишан туралы тың деректерді жинақтау, оқушылардың үздік шығармаларын отбасылық шежіре кітабына енгізу болып табылады.

Биыл байқаудың 3 жеңімпазы анықталды. Олар Ақжар ауылдық округінен Алмас Балғын, Жосалы кентінен Исақай Зарина және Төретам кентінен Сартаев Бейбарыс. Қадырқұл ишан атындағы стипендия жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалатын болады.

Оқушылар стипендияға қатысу үшін арнайы бекітілген ережеге сәйкес Қадырқұл ишан туралы тың деректер мен ақпараттарды жинақтап (кітаптар, мақалалар, архивтер мен қолжазбалар) шығармалар жазды. Ең үздік атанған шығарма иелеріне ишан ұрпақтарының атынан арнайы стипендия табысталды.

«Қадырқұл ишан өз заманының күрескері, ишан, емші болған адам. Ол Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде 7 жыл бойы діни білім алған. Мешіт салдырып бала оқытқан. Бабамыз туралы деректер Сыр сүлейі Нұрымбетсары Шегебай Бектасұлы мен зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабайдың еңбектерінде жазылған. Қазір атам Бекмат Махамбетұлының бастамасымен «Өткенге салауат, болашаққа аманат» атты отбасылық тарихи кітап жазылып жатыр. Барлық деректер мен ақпараттарды бір кітапқа жинақтаудамыз. 2024 жылдың ортасында кітаптың тұсаукесерін жасаймыз. 2025 жылы ишанның дүниеге келгеніне 175 жыл толады. Осы дата аясында Республикалық деңгейде еске алу шараларын ұйымдастырып, ишан әруағына арналған ас беріледі деп жоспарлануда.» – деді Қадырқұл ишанның шөпшегі Нұрасыл Жасұланұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!