Мәжіліс депутаттары Петропавл мен Павлодардың атауын қазақшаға ауыстыру жергілікті халықтың қолында екенін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Петропавл мен Павлодардың атауын ауыстыру мәселесі 20 жылдан бері қозғалып келе жатқанын тілге тиек етті.

“Еліміздің заңнамасында қала атауын ауыстыруға жергілікті халық пен мәслихаттың талабы керек. Егер жергілікті халық заңға сай тиісті қол жинап, мәслихатта осы мәселені көтеретін болса, барынша қолдауға дайынбыз”, – деді Ринат Зайытов үкімет кулуарында. 

Оның сөзінше, Петропавл атауын қазақшаға ауыстыратын болса, оған қарсылық танытатындар да болуы мүмкін. 

“Петропавл қаласында сепаратистік көзқарастар бар екенін байқап жатырмыз. Біз қала атауын қазір ауыстырамыз десек бұл заңға қарама-қайшы. Кейін халықтың наразылығы тумайтынына кім кепілдік береді? Олар наразылық тудыруы мүмкін. Осы жағын біз реттеп, заң аясына халық та наразы болмайтындай, біз де қанағаттанатындай жолын табуымыз керек”, –  деді Ринат Зайытов.

Сонымен қатар депутат Азат Перуашев та солтүстік өңірдегі қалалар қазақтың жері болғандықтан, атауын ауыстыру қажет дейді. 

“Бұл жерді ата-бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған жер. Сол үшін ол қалаларға тарихи атауларды қайтару керек деп санаймын. Негізі бұл құзырет парламенттің емес, заң бойынша мемлекет басшысының қолында. Петропавлға – Қызылжар, Павлодарға – Ертіс, Кереку сынды түрлі нұсқалар бойынша атау берілуі мүмкін. Тарихи атауы – Ертіс болса да болады”, – деді Азамат Перушаев. 

Ал депутат Ермұрат Бәпи қала тұрғындары мәселені нақты қолға алса, парламент тиісті нәтижеге қол жеткізу үшін күш салатынын айтты. 

“Заң жүзіне сол жерде тұратын халықтың бастамасы болуы керек. Сырттан килігіп, мен өзгертемін деген дұрыс емес. Ол мәдениетке де қайшы келеді. Аталған өңірдің тұрғындарына қол жинаңдар деп өзім де айттым. Біз оны парламентте көтеруге дайынбыз», – деді Ермұрат Бәпи. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!