1 сәуір – халықаралық құстар күні екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Бұл күнді адамзат құстарды қорғап, жойылып кету алдында тұрған құс түріне қамқорлық танытуы керек. Мәселен, елімізде құстардың 31 отрядқа топтасатын 8000-нан аса түрі бар. Олардың ішінде бес санатқа жататын құстар жойылып кету алдында тұр. Сондықтан бұл күннің маңызы жоғары.

Құстар – аспан әлемінің көркін кіргізуші ғажайып жаратылыстың бірі. Алла Тағала бұл ғаламды ешбір себепсіз жаратпағаны секілді құстардың да атқарар өзіндік қызметі бар. Мұны ұққан адамзат ежелден-ақ құс асыраудың қыр-сырын үйренген. Мәселен, тауыс – жер бетіндегі ең әдемі құстың бірі. Кезінде бұл құс тек хандардың бағында сәндік үшін бағылған. Үндістанда алғаш рет қолға үйретіле бастаған. Тауысты біздің өңірде де кезіктіруге болады.

Рахметолла Әлімов

– Бұрын тауысты тек теледидардан ғана көретін едік. Қызығушылығым сол кезде басталған. Сұлулығымен көз тартар құс аулада емін-еркін жүрсе, керемет емес пе?! Негізінде тауыстың 25-тен астам түрі бар. Соның ішінде индиялық түрін бағуды жөн көрдім. Бұл құстың өмір сүру ұзақтығы 15 жылдан жоғары. Жылына 1 рет жұмыртқалап, құрық басады. Жас тауыс жылына 7-8 ғана балапан басса, үлкейгенде 20-дан асады. Бірінші жұмыртқасын 3 жылдан кейін ғана береді. Бір қызығы, тауыс балапанды қай жерде басса, сол өңірдің ауа райына төзе алады.

Тауыс та түйетауық секілді балапан кезінде арпа, бидай беріп жетілдіресің. 1 жастан асқанда шөп жей бастайды. Күтіміне қарай тауыстың салмағы 4-6 келіге жуықтайды. Ал сұлулығына қарай бағасы да шарықтай береді. Мысалы, балапан кездегі бағасы күніне қарай 15 мыңнан басталады. Ал 1 жылдығы 30 мыңнан 80 мыңға дейін барады. Бір ерекшелігі, тауыстың дауысы басқа құстікіне ұқсамайды. Көңіл-күйі ауа райына байланысты құбылады. Күн жылы кезде қанатын кеңге жайып, біраз жерге дейін ұша алады. Ағаш бұтақтарына қонақтап ән салатын кездері де бар. Ал күн суытса, бұлар қораның бұрышында бүрісіп жатып алады. Кейбір тауыстың қауырсыны 2 метрге дейін жетсе, дене тұрқы 100-125 сантиметрден биік болады. Қырғауыл тұқымдасына жататын тауыс құсы жауын жауарда немесе қатердің төнгенін сезген бойда мысықтың дауысын салып, сақтық шарасын жасайды, – дейді Рахметолла Әлімов.

ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК

       Тауыс – Мьянманың ұлттық белгісі.

       Тұтқында болған кезде павлиндер көбеймейді, басқа құстармен сыйыса бермейді, бірақ тағамға қарапайым және суыққа төзімді келеді.

       Үндістан заңына сәйкес, павлин аулауға қатаң тыйым салынған.

       Оңтүстік жарты шарда Тауыс деп аталатын шоқжұлдыз бар.

       Тауыстың құйрығы керемет безендіруі, әрқашан адамдардың назарын аударады. Тауыс құсы ежелгі дәуірден бастап қолға үйретіліп, бүкіл әлемдегі ақсүйектер саябағын, үйін

Көгершінді халық достық пен бейбітшіліктің, татулық пен бірліктің символы, әлемді аралап хат таситын бақыт құсы ретінде әспеттейді. Ал олардың қолға үйретілген түрін халық арасында кептер деп атайды. Аймағымызда көк кептер, құз кептер, дыркептер, қоңыр кептер, түркептер, үлкен түркептер деген түрін кездестіруге болады.

– Кептерді асырауға деген қызығушылық бала күнімнен басталған. Ержеткен соң, кептерді асырауға білек сыбана кірістім. Міне, биыл кептерді асырап жатқаныма 40 жылдай болыпты. Қазір кептерді бағу бұрынғыға қарағанда қиын. Жем, суынан бөлек, тұрақты түрде витамин беру қажет. Әйтпесе балапаны ұзаққа бармайды. Адамдар секілді әр кептердің өзіндік қасиеті мен мінезі болады. Олар да біз сияқты жұптасып өмір сүріп, көбейеді. Әр жұп өз ұясында балапанын өсіреді. Басқа жұптың кептерін ұясына кіргізбейді.

Бауыржан Тумырзаев.

Қыста көгершіндердің аналығы мен аталығын бөлек орынға орналастырып, екі бөлмеге бөлемін. Олар тіпті бір-бірінің дауысын естімеуі керек. Ұзақ уақыт көріспеген кезде бірін-бірі қатты сағынады. Бұл жағдай көгершіндердің жақсы жұмыртқалауы үшін қажет. Егер оларды айырмаса, онда аналық көгершіндер жұмыртқалауды доғарады. Олардың күнделікті өмірін бақылау да қызық дүние. Ұшу-қону, самғау кезінде көгершіндер басымен төңкеріліп, қанаттарын қатты қағады. Бұл құстар ұшу сәтіндегі ойын әдемілігі мен күрделілігі бойынша ерекшеленеді. Соның ішіндегі ең кереметі – бағана ойыны. Яғни көлбей ұшып бара жатқанда күрт жоғары қарай биікке көтеріліп, 10-15 рет аударылып-төңкеріледі. Кептердің әуеде қалықтай ұшып, қайтадан жерге қонуға әрекет етуінің өзі бір сағатқа, кейде одан да ұзаққа созылады. Қазір көпшілік өзбектің сәнді көгершіндерін бағады. Оның жақсыларының бағасы 50 мыңнан басталады. Жылда облыс көлемінде көргершіндер жәрмеңкесін ұйымдастырып, бір-бірімізбен тәжірибе алмасып тұрамыз.

Нәтижесінде «Ақмешіт» деп аталатын облыстық көгершіндер клубын құрдық. Мүгедектер арбасына таңылғалы бері өмірге деген құштарлығымды өшірмей, болашаққа үмітпен қарауға сенімімді арттырған осы кептер десем артық емес, – дейді Бауыржан Тумырзаев.

Ал қала тұрғыны Дастан Қадыров көкте қалықтайтын құстарды асырау денсаулыққа пайдалы дейді.

– Тазалықты сүйетін көгершіндер күнделікті тіршілігін таңертең үстін тұмсығымен тазалаудан бастайды. Жұптасқандары өзге жұпқа көз салмайды. Жұбының бірі өліп қалса, тірі қалған сыңары басқамен бас қоспай жалғыз өмір сүреді. Яғни сыңарына адал болады. Денсаулыққа пайдалы тұсына келер болсақ, жұмыстан босағанда бір сәт аспанда құстарға қарасаңыз, миыңыз тынығып, жүйкеңіз қалыпқа келгенін байқайсыз. Әсіресе көгершіндерді тамашалау көздің көруін арттырады. Қазір қолданыстағы барлық дүние біздің көзімізге жақын. Бұл адамның алыстағы дүниені көру қабілетін төмендетеді. Одан бөлек, көктегі құстарды қызықтаудың мойын омыртқаға жиналған тұздардың ыдырауына да септігі мол. Мойын омыртқасының жоғары-төмен қимылы – өз еркіңнен тыс жасайтын жаттығу. Сонымен бірге қанаттарымен ауаны қағып, айнала ұшқан көгершіндерге қарап тұрып санаң сергиді, еркіндіктің қадірін ұққандай боласыз, – дейді.

Соңғы кездері зерттеулер көгершіндерге абстрактілі математика таныс екенін көрсетті. Тәжірибе барысында үш көгершінге экраннан заттардың үш жинағын көрсетеді. Бір жинақта бір зат, екіншісінде екі зат, ал үшіншісінде үш зат болады. Барлық заттар түсі, пішіні және өлшемі бойынша әртүрлі. Көгершіндерді алдымен экрандағы бір заты бар, содан соң екі заты бар, одан кейін үш заты бар жинаққа шоқуды үйретеді. Көгершіндер сұрағанды қатесіз орындаған соң, оларға сәйкесінше 1-ден 9-ға дейінгі заты бар жинақтарды көрсетеді. Нәтижесінде көгершіндерге 3-тен артық заты бар жинақ болуы мүмкін екенін үйретпесе де, айыра алатыны анықталған.

Ерекше навигациялық қасиетке ие асыранды кептерді қазір де хат тасуға үйретуге болады деседі. Бірақ бағасы мың доллардан басталады екен. Одан бөлек, өңірімізде құстардың ішінде түйеқұсты өсіруге деген құлшыныс артқан. Мәселен, қармақшылық Шарһан Оспанов африкалық түйеқұс асырап отыр.

Шарһан Оспанов

– Құс шаруашылығымен айналысқаныма 7 жылдан асты. Ал түйеқұсқа тоқталар болсақ, оны өткен жылдың маусымында Алматы қаласынан 20 күндік балапан күйінде әкелдім. Жарты жылдан астам уақыт өтсе де, олар әлі де балапан күйінде екен. Түйеқұстың бойы күніне 1 сантиметр өседі, жалпы 3 метрге дейін барады. Түйеқұс – дүниежүзіндегі ең үлкен құс және жем талғамайтын үй құстарының бірегейі. Қазір қызығушылығым одан әрі артты. Алдағы уақытта балапан алсам деген ниет бар. Бірақ бұл құс 3 жасқа толғанда ғана балапан береді екен. Менің құсым 11 айлық. Ал тағамына келер болсақ, бұлар әлі балапан болғандықтан, арпа, бидай, жүгері сынды әртүрлі жемнің қоспасымен қоректенеді. Өскен соң жем талғамайды, бір қызығы, жемнен гөрі шөпті көп тұтынады. Яғни жоңышқа, су береміз. Алдағы уақытта түйеқұстың санын көбейтіп кәсіп ету ойда бар. Мысалы, 5 жылдық түйеқұс 130-150 келіге дейін ет береді. Қазіргі 10 айлық түйеқұстың салмағы 70 келі болады. Еті дәмді. Сондай-ақ денсаулыққа пайдалы, емдік қасиеті бар. Асқазанға жеңіл және холестерині аз. Сондықтан болар 1 келі етінің бағасы 8 мың теңге. Бұл – жақсы кәсіп. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қайтарымсыз грант алғым келеді. Солай инкубатор алып, ойымдағыдай кең кепе салып, құстарды соған жайғастырсам деген ниетім бар, – дейді қармақшылық Шарһан Оспанов.

Бөдене құстар ішінде қырғауылдар тобына жатады. Бұл құс туралы Бақара сүресінде етінің дәмділігі, адамзатқа ризық болуы үшін жаратылғаны айтылған. Сондықтан болар халық бөдененің еті мен жұмыртқасының емдік қасиеті жоғары деп бағалайды.

– Бөдене – шағын құс. Оның денесінің ұзындығы 16-20 см, салмағы 80-150 грамм арасында. Бөденені бақпас бұрын оны қандай мақсатта өсіретініңізді нақтылаған жөн. Егер сіз жоғары сапалы және диеталық бөдене етін өндіргіңіз келсе, онда бөдененің калифорниялық тұқымын алу керек. Ал егер бөденені жұмыртқасы үшін өсіруді көздесеңіз, онда бұл іске жапон бөденесінен артығы жоқ. Үй шаруашылығында өсірілетін жапон бөденесі өсіп-жетілуіне 50-60 күн өткеннен кейін-ақ жұмыртқа бере бастайды. Яғни  оны өсіру арқылы тез арада жұмыртқаға кенелесіз. Мәселен, тауық әдетте 180-210 күннен кейін барып жұмыртқа береді. Екіншіден, жапон бөденесі бір жылдың ішінде 300-ге жуық жұмыртқа береді. Дәмді де адам денсаулығы үшін пайдалы. Жұмыртқаның салмағы – 10-14 грамм. Егер бөденені жұмыртқадан бастыратын болсаңыз, онда сізге ең дұрысы инкубатор сатып алу. Мұндай жұмыртқа бастыруға арналған шағын тұрмыстық инкубаторды кез келген базардан алуға болады. Бөдене жұмыртқасының инкубациялану кезеңі 17 тәулікті құрайды. Мұнан кейінгі 4-6 сағаттың ішінде балапандар жұмыртқаны жарып шыға бастайды. Тауық балапанынан айырмашылығы жоқ. Олардың үстін жұмсақ, мамық жүн басып тұрады. Жаңа пайда болған балапанды осы мақсат үшін арнайы әзірленген жәшіктер мен торға орналастыру керек, – дейді Жанболат Байжанов.

КЕРЕК КЕҢЕС

Асқазаны ауыратындар әсіресе гастритке шалдыққандар бөдене жұмыртқасын жейді. Холелитиазбен ауыратындар бұл өнімді тұрақты ас мәзіріне қосу керек. Стресстен, күйзелістен шығуға көмектеседі. Бұл – егде жастағы адамдарға арналған тамаша азық.

Халық арасында кеңінен қолға үйретілген қаз бен үйректің де адам өмірінде алар орны ерекше. Ал оларды қолда бағу үшін көл жағасында тұру міндетті емес.

– Қаз бен үйрек – қиындыққа төзімді, табиғатқа тез бейімделгіш құс қатарында. Оларды өсіру үшін алдымен орын-жай дайындау қажет. Ол үшін жерден қазып, үстіңгі қабатын жерден біршама көтеріп, төбесін топырақпен нығыздап жабу керек. Қорегі туралы айтар болсақ, оларға ұсақтап туралып пісірілген жұмыртқа, салат, әртүрлі көк, пісірілген күріш немесе тары береміз. Екі аптаға дейін әрбір екі сағат сайын жем беру керек. Одан кейін жем беруді тәулігіне бестен үш ретке дейін қысқартамыз. Бұдан кейін үйрек пен қаз балапандары қанаттанып, шамамен екі айдай өсіп-жетілген уақытта оларды жетілген құстардың қорегіне көшіреміз. Үйрек пен қаз балапанының тиімділігі сол, олар бар болғаны алғашқы 1,5-2 айда жемді қажет етеді де, кейін жайылымда өсіруге болады. Қаз бен үйрек балапанын тор астында өсіруге болады. Ал жұмыртқа шығаруға отырғызудың қолайлы мезгілі – наурыз бен сәуір айы. Осы уақытта олардың жұмыртқалауы тоқтап, жұмыртқа басу түйсігі пайда болады. Ерте жарып шыққан қаз бен үйрек балапанының өсу кезеңі ең қолайлы мезгілмен тұспа-тұс келеді. Себебі дәл осы уақытта олар жас, құнарлы шөппен қоректене алады. Қаздар мен үйректердің жұмыртқа басатын орны қараңғылау, таза, иіссіз, температурасы 12ºС-тен төмен болмау керек. Бір ерекшелігі, қаздар мен үйрек көбіне жұмыртқа салған ұясында ғана жұмыртқа басады. Бұл құстардың пайдасына тоқталсақ. Еті дәмді, ал қаздың майы денсаулыққа өте пайдалы. Адамды күйік шалғанда тыртық қалмауы үшін қолданылады, – дейді Күлайша Матаева.

ЖОЙЫЛЫП КЕТУІ МҮМКІН

Еліміздегі дуадақтар санының азаюына заңсыз аулау және олар тіршілік ететін табиғи ортаның тарылуы, әсіресе, тың және тыңайған жерлерді бейберекет жырту әсер еткені белгілі. Сондықтан да саны азайып және таралу аймағы тарылғандықтан дуадақ Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның «Қызыл кітабына» 2010 жылы тіркеліп, қатаң түрде қорғалады.

Түрлі құс баптайтындармен тілдесіп, құс шаруашылығының тыныс-тіршілігімен таныстық. Жалпы қай құсты алсаң да, адам затқа берері мол. Еті дәмді, жұмыртқасы пайдалы. Сондықтан өңірде құс шаруашылығын дамытуға болады. Оған мемлекеттен де қолдау бар. Тек баптай алсаңыз болғаны.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!