Бүгін қала әкімі Ғанибек Қазантаев сала басшылары және аппарат қызметкерлерімен бірге сенбілікке шықты. Шаһар басшысы бастаған қызметкерлер қалалық канал арнасының су жүрмеген бөлігін аршыды. Жаппай сенбілікке дербес бөлімдер мен ауылдық округтер де өз үлестерін қосып, тазалық жұмыстарын жүргізді.Қалалық каналдың көзін аршу Жібек жолы мен Сарқырама су арналарын біріктіру мақсатында жүргізілуде. Сырдағы судың аздығы аяқ судың жайын қиындатып тұрған кезеңде қала әкімі қос каналды біріктіру бастамасын көтерген болатын. Бүгін екі су арнасын байланыстырып, сарқырамаға су беру жобасының алғашқы жұмыстары басталды. Канал іші әкімдік қызметкерлерінің күшімен тазаланып, арнаға лотоктар салынып, су жиналатын орын бетон өнімдерімен жабдықталды. Бұл жобаның артықшылығы өзеннен аяқ су тартуда қосымша насостық құрылғылардың көмегіне иек артпай-ақ, Қызылжарма каналынан бастау алатын Жібек жолы су арнасы арқылы қала орталығын толығымен аяқ сумен қамтуға мүмкіндік аламыз деген Ғанибек Қонысбекұлы жоба жүзеге асқанда қаланың негізгі арық жүйелері қайтадан Сарқырама магистральді каналы арқылы су ала алатындығын атап өтті. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев «Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қалалық каналды тазалап, Төле би көшесінің бойында яғни арнаның сарқырамамен қосылар жеріне насостық құрылғы орнатылып, су арналарын қосу бағытында жұмыстар жүріп жатыр», – деді. Аталған жұмыстар апта көлемінде толығымен аяқталып, Сарқырама мен қалалық су арналары қосылып, қала орталығындағы тұрғындарға қажетті аяқ су жеткізілетін болады.
Аружан АМАНТАЙ
ҚМУ-дың І курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!