18 мамырда Атырау сотында Жангелдин ауылындағы бір отбасын өлтіру ісі бойынша тың деректер жарияланды. Оқиға салдарынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы қаза тапқан. Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы қылмыстың мән-жайын оқып берді, сотқа Tengrinews.kz тілшілері қатысты.
Айыптау нұсқасы бойынша, сотталушы Сұлтан Сәрсемалиев (отбасының бұрынғы күйеу баласы – ред. еск.) барлық эпизодта бір ғана ас үй пышағын қолданған. Іс материалдарына сәйкес, ол бұл пышақты өзімен бірге алып жүріп, отбасының бірнеше мүшесіне шабуыл жасау кезінде пайдаланған.
Атап айтқанда, сотта сотталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы әйелінің әпкесі Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіруіне қатысты егжей-тегжейлі мәліметтер айтылды. Сотта атап өтілгендей, ол әпкесіне қонаққа келіп, оның тұрмыс жағдайына – үйінде азық-түліктің жоқтығына және баспананың нашар күйіне көңілі толмайтынын білдірген. Тергеу болжамы бойынша, бұл сөздер Сәрсемалиевтің ашуын туғызған.
«Осы сәтте Мейрамгүл Қарабалинаның тұрмыстық және материалдық жағдайға қатысты айтқан сөздері Сұлтан Сәрсемалиевтің ашу-ызасын тудырған», – делінген айыптау актісінде.
Өзінің қылмыстық ниетін іске асыру мақсатында ол ас үйдегі тоңазытқыштың үстінде тұрған пышақты алған. Айыптау деректеріне қарағанда, бұл пышақ бұған дейінгі кісі өлтіру оқиғаларында да қолданылып, ол пышақты Қызылқоға ауданынан ала келген. Сәрсемалиев бұрынғы әйелінің әпкесінің кеуде, арқа және іш тұсына бірнеше рет пышақ сұққан.
«Мейрамгүл Қарабалина алған жарақаттарынан еденге құлаған кезде, оның тұрмыс жағдайы туралы айтқан сөздеріне байланысты сотталушыда оны ерекше қатігездікпен өлтіру ниеті туындаған», – делінген айыптау актісінде.
Соның салдарынан ол жәбірленуші еденде жатқанда оның кеуде, іш, қол және бет тұсына тағы да көптеген соққы жасаған.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, Сәрсемалиев Мейрамгүл Қарабалинаның өлгеніне көз жеткізген соң, оның денесін кілемге орап, үйдің кіреберісіне шығарған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
