Таяқ жеп жүріп, әлі тумаған сәбиінен де айрылып қалыпты.

Фото: astanatv

Шымкент тұрғыны жүкті әйелін сабап, далаға шығарып тастаған. 18 жастағы әйел күйеуінен зәбір көргенін айтып шағымданды. Олар некесін тек мешітте неке қидырған болып шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, күйеуі болмашыны сылтауратып қол көтерген. Таяқ жеп жүріп, әлі тумаған сәбиінен де айрылып қалыпты. Ұрып-соққаны аздай, тезек тергізіп, оны жейсің деп желкелеген, тіпті көлікпен де сүйреді дейді. Ал қызының бір жыл бойғы азапты өмірін анасы тек Жансая ауруханаға түскенде бір-ақ біліпті.

«Сол жақта тоқтады машинасымен бірге, маған айтты түс деді. Мен неге дедім, түс деді. Онан кейін түстім. Түскеннен кейін ручкасын ұстап тұрғам машинасының артының, сөйткен ем машинасын бірден басты кетті. Мен де сүйретіліп кетіп қалғам ғой артынан. Жібермеген, ручкасы қалып қойған қолымда. Онан кейін артынан кеттім мен де.. онан кейін қолым бірден жіберілді, тасқа аунағам ғой.. Ішпен құладым. Қол-аяғымның бәрі жара-жара болды», – дейді 
жәбірленуші.

«Ұрып – соғып жатқанынан дым білген жоқпын. Маған да айтқан жоқ. Қызымның таяқ жегенін кеше ғана білдім. Бәрін сол кезде айтты маған, осындай болды, осындай болатын еді деп. Тіпті іштегі баласын өлтіргенінен де хабарым жоқ еді. Жазасын алсын деймін», – деді 
Жәбірленушінің анасы.

Алайда Жансаяның күйеуі мұның бірін де растамай отыр. Ол әйелімен мінездерінің үйлеспегенін айтады. Мән-жайды енді полиция анықтамақ. 

«2023 жылы 26 наурызда Шымкент қаласы Самал-3 мөлтек аудан тұрғыны арызданған. Арызында өзінің күйеуі ұратыны жайында көрсеткен. Аталған жәйт бойынша Шымкент қаласы Полиция департаменті Абай ауданы ПБ полиция қызметкерлерімен қорғау нұсқамасына алынды. Сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысымен нақты шешім қабылданады», – деді Шымкент қаласы Абай аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Бауыржан Қоштаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!