Соңғы жылда такси қызметіне сұраныс артқаны рас. Жағдайды карантиндік ша­ра­­лар күрделендірді. Себебі көптеген қалада сенбі-жексенбі күндері автобус қатынамайды. Оның үстіне тасымал қыз­метінің тарифі көте­рілгеніне қапалан­ғандар мемлекеттік орган­дарға хат жазып, мұң-шағымын әлеуметтік желі­лерде жиі біл­діруде.

Тақырыпқа тұздық болсын. Танысым – такси жүргізушісі. Тасымалмен айналысып, отбасын асырайды. Тапқан табысының тең жартысын жалдап отырған баспанасы мен жаңадан алған көлігінің несиесіне төлейді. «Әрбір адам дәмді тамақ ішіп, жақсы киім сатып алғысы келеді. Жүргізушілер адам емес пе? Жанар-жағар май бағасын ескеру керек. Азық-түлік бағасын да. Барлығымыздың бала-шағамыз бар», –  дейді ол. Бұдан бөлек, жалдамалы көлік жүргізушісі Әбдісаттар мырза да жолаушының өтінішіне сай қала ішінен бөлек Шиелі, Жаңақорған аудандарына, көршілес Түркістан облысына қатынайтынын айтады.Оның айтуынша, өткен жылы қазан айынан басталған үлкен жол салығы баға тұрақсыздығының бірден-бір себебі.«Батыс Еуропа ‒ Батыс Қытай» тас жолына төленетін салық, автовокзалдағы көлік тұрағына, базар маңындағы көлік тұрақтарына төленетін қаржыны айтпағанда жеңіл көліктің ұсақ-түйегімен темір-терсегі қалтаға ауыр салмақ салады», – дейді ол. Ал «Яндекс» компаниясының жүргізушісі Абдулла Әбсамат бұған мынадай пікір қосты.

– Жанармайдан бөлек қанша шығын бар, тұрақтар, қосымша бөлшек. Мезгіл сайынғы ауысатын дөңгелек те аз ақша тұрмайды. Десек те, қала ішіндегі жолаушы тасымалында «Яндекс» басқаларынан арзанырақ, тұтынушыға қолайлы баға ұсынады.

Айта кету керек, өткен жылы қаңтарда G-Taxi ЖШС «Яндекс. Такси Б.В.» компаниясына қатысты шағым түсірді. «Яндекс» G-Taxi 2023 жылғы 21 желтоқсанға дейін патенттеген «Автоматтандырылған такси шақырту жүйесі» деген модельді рұқсатсыз пайдаланды деп арызданған компания оның жұмысына тыйым салуды талап етті. Сот Қазақстанда Google Play және Apple Store интернет дүкендері арқылы «Яндекс Go» және «Яндекс.Про» мобильді қосымшаларын таратуға тыйым салды. Сонымен қатар «Яндекс. Такси Б.В.» мекемесінен 20419 теңге көлемінде сот шығынын өтеу туралы қаулы шығарды. «Яндекс Go» баспасөз қызметі бұл шешім «Яндекс.Такси» жұмысын бұғаттамайтынын хабарлады. «Біздің сервис жұмыс істеп тұр және қызметін жалғастырады. Патентке қатысты дауға келер болсақ, компания қайта шағым түсіреді» деп мәлімдеді тасымалдаушылар. Олардың айтуынша, дауға себеп болған пайдалы модельдің патенті «Яндекстің» ғана емес, кез келген такси шақырту қызметінің базалық функциясын көрсетеді. Бұған ұқсас платформалар 2000 жылдан бері әлемге танымал. G-Taxi тек 2015 жылы өтініш берген және осы әрекеті арқылы «не табыс табуды, не болмаса бүкіл елдегі осындай онлайн-сервистердің жұмысын тоқтатуды көздеп отыр».

Ендігі кезекте танымал «InDriver»  тасымалдау қызметін талдасақ, мұнда облысаралық тасымалдау қарастырылған. Осы қызметке тіркелген Досбол Исаев бізбен тілдесу барысында Қызылорда мен Алматы аралығындағы жол бағасы 20 мың теңгені құрайтынын жеткізді. Мұндай қаражатты талап етуінің себебі – автокөліктің жаңа шетелдік маркалы болуында және жол бойындағы асханаларға, дүкендерге тоқтауына жағдай жасауында.

Бұған қоса соңғы дерек бойынша такси нарығының жылдық табысы 120 млрд теңгені құраған. Бұл – салық ретінде түсетін соманың 5 пайызы ғана, қалған 95 пайызы – көлеңкелі экономикада қалады екен. Мұндай мәліметті республикалық такси қызметі қауымдастығы басшысы Медет Құрманов айтты. Оның айтуынша, таксишілерді көлеңкелі экономикадан шығарудың 2025 жылға арналған арнайы стратегиясы дайын. Сондай-ақ «Такси қызметінің бірыңғай платформасын құрмай, жоғарыда айтылған шараларды жүзеге асыра алмаймыз» дейді мамандар. Қорыта айтқанда, бағаның төмендеуі, сапаның артуы уақыт еншісінде.

Әйгерім ҚУАНДЫҚ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!