Әдетте 9, 10 және 11-сынып оқушыларының алдында «Қандай мамандық таңдаймын?», «Қай оқу орнына түсемін?», «Грантқа іліге аламын ба?» деген сан сауал тұрады. Сол сұрақтарға жауап іздеп жүргендердің бірі – мен. Биыл 11-сыныпқа қадам бастым. Демек, мектеп бітіруге де, үлкен өмірге қадам басуға да аз уақыт қалды. Ал мамандық таңдау мәселесі күн өткен сайын маңызды бола түсуде.
Бастапқыда менің таңдауым медицина саласына түскен еді. Нақтырақ айтсам, тіс дәрігері болғым келді. Бұл мамандыққа қызығушылығым өзімнің тістерімді емдету барысында оянды. Бір күні тісімді емдету үшін анаммен бірге стоматологияға бардым. Емдеу кезінде ешқандай ауырсыну сезбедім. Керісінше, сол жердің өзіндік иісі, медициналық құрылғылардың дыбысы мен жұмыс барысы маған ерекше әсер етті. Сол сәттен бастап «Мен де тіс дәрігері боламын» деп шештім.
Былтыр, 10-сыныпта биология мен химия пәндеріне дайындала бастадым. Жыл сайын ҰБТ-ға дайындалатын түлектердің қолынан көретін көк дәптерді мен де сатып алдым. «Маған да өмірдің осы бір маңызды кезеңі келіп жетті-ау» деп іштей қуанып, өзімді ересек сезіндім. Дайындықты неғұрлым ерте бастаған дұрыс деп ойлап, ҰБТ-ға дайындайтын арнайы курсқа жазылдым. Одан бөлек, мектеп кітапханасынан негізгі пәндерге арналған кітаптарды алып, өз бетімше де дайындала бастадым. Үлкен көк дәптерді де, кішісін де алып, беттерін біртіндеп толтырып, өзімді болашақ тіс дәрігері ретінде елестетіп жүрдім. Алайда біраз уақыт өткен соң дайындықты аяқ астынан тоқтаттым. ҰБТ туралы бұрынғыдай жиі ойламайтын болдым. Оның себебі де бар еді. Жазылған дайындық курсының алаяқтық екені анықталды. Ең өкініштісі – ақшамызды әлі күнге дейін қайтарған жоқ.
Сөйтіп, жазғы демалыс басталды. Сабақтан босаған уақыт, көңіл көтеру, қыдыру… Анам, тәтем және мен үшеуіміз Алматы қаласына бардық. Туыс тәтем сол қаланың тұрғыны. Сағынышымызды басып, біраз уақыт бірге болып, дастарқан басында әңгімелесіп отырдық. Сол кезде маған: «Қандай мамандық таңдап жатырсың?» деген сұрақ қойылды. Мен еш ойланбастан:
– Стоматолог боламын, – дедім.
Алайда тәтем медицина саласына жүрексінбейтін, батыл әрі жауапкершілігі мол адамдар баратынын, бұл мамандықтарға түсудің де оңай еместігін, шекті балдың жоғары болатынын айтып, басқа мамандықтарды ұсына бастады. Оның сөздерінен кейін менің ойым бір сәтте өзгеріп кетті. «Мен ол мамандыққа түсе аламын ба?», «Мен шынымен де батылмын ба?», «Медицина мен үшін дұрыс таңдау ма?» деген сұрақтар бірінен соң бірі ойыма келе бастады.
Бір қызығы, медицинаға деген қызығушылығым бір сәтте ғайып болғандай еді. Өзімді теңіздің түбіне түсіп кеткендей сезіндім. Бір адамның айтқан бір ауыз сөзі менің ұзақ уақыт бойы армандаған мамандығымнан бас тартуыма себеп болды. Мен бұған дейін қанша уақыт бойы тіс дәрігері боламын деп дайындалдым. Биология мен химияны оқыдым. Көк дәптерлерімді толтырдым. Болашақ мамандығымды көз алдыма елестеттім. Ал соншама арман-мақсаттың бәрін бір ғана пікірдің әсерінен қалайша ысырып қойғанымды өзім де түсінбей қалдым.
Сөйтіп, медицинадан бас тартып, басқа мамандық іздеуге тура келді. Біраз ойлана келе, өзімнің бойымдағы қасиеттерге назар аудардым. Мен камераға түсуді ұнатамын. Кейде жалғыз қалып, шығармашылықпен айналысқанды жақсы көремін. Осы қасиеттерімді пайдалана алатын мамандықты іздей бастадым. Сол кезде журналистика ойыма келді. Бұл мамандықты маған анам ұсынды. Байқап қарасам, журналистика менің қызығушылықтарыма сәйкес келетін сияқты. Камера, микрофон, көпшілік алдында сөйлеу, адамдармен қарым-қатынас жасау… Бәрі қызық!
Журналистика мамандығына түсу үшін шығармашылық емтихан тапсырып, университет талаптарына сәйкес емтихандардан өтіп, портфолио жинау керектігін білдім. «Мәссаған, шынында да маған сай мамандық екен» деп ойладым. Бірақ тағы бір мәселе бар. Егер шығармашылық бағытқа ауыссам, мектепте мені басқа сыныпқа ауыстыруы мүмкін. Ал мен он жыл бойы бірге оқып келе жатқан сыныптастарымды қимаймын. Бұл, бәлкім, мамандық таңдауға себеп болатын үлкен мәселе емес шығар. Бірақ адам үшін бірге өскен, бірге оқыған достарының орны бөлек екені рас. Олар маған ыстық.
Дегенмен журналистиканы шын мәнінде байқап көру үшін осы мақаланы жазып отырмын. Мүмкін, бұл менің өзімді тануға жасаған алғашқы қадамым шығар. Бірақ көп ұзамай анамның өзі:
– Қызым, мүмкін, басқа мамандық таңдайсың? Жұрт «амал жоқтан түсе салған екен» деп ойлап қалмай ма? – деді.
Осы сөздерді естіген сәтте не сезінгенімді өзім де түсінбей қалдым. Бір жағынан, журналистиканы өзіме лайық көріп келе жатқан едім. Екінші жағынан, енді анамның пікірі тағы да ойымды өзгертті. «Неге маған өздері ұсынған мамандықтан бас тарт, таңдама деп жатыр?», «Сонда мен не таңдауым керек?», «Менің өзіме ұнайтын мамандық қайсы?» деген сұрақтар қайтадан мазалай бастады. Тіпті қазір өзімнің нақты не қалайтынымды да білмеймін.
Бір түсінгенім, мамандық таңдау кезінде жұрттың сөзіне емес, адамның өз қалауы мен қабілетіне сүйенуі керек шығар. Өзгенің пікірі маңызды болғанымен, өмір бойы сол адамдардың айтқанымен өмір сүре алмайсың. Өйткені таңдаған мамандығыңмен күн сайын жұмыс істейтін де, сол саланың қызығы мен қиындығын көретін де – өзің. Ал мен неге жұрттың әр сөзін жүрегіме соншалықты жақын қабылдаймын? Неге біреудің көзқарасы менің көптен бері қалыптасқан пікірімді тас-талқан етеді? Неге өзіме не керегін анықтау соншалықты қиын?
Қазір мен әлі де қандай мамандық таңдайтынымды білмеймін. Мүмкін, менің осы күйімді көптеген мектеп бітіруші түлек те бастан кешіріп жүрген шығар. Біреу ата-анасының қалауымен мамандық таңдайды. Біреу достарына қарап шешім қабылдайды. Енді біреулер гранттың санына немесе мамандықтың беделіне қарайды. Ал кейбіреулер мен сияқты «өзіме не ұнайды?» деген қарапайым сұрақтың жауабын таба алмай жүреді. Бәлкім, мамандық таңдау – жай ғана оқу орнын немесе грантты таңдау емес шығар. Бұл – адамның өзін тануы, қабілетін саралауы, қызығушылығын түсінуі және болашақ өміріне жауапкершілікпен қарауы.
Меніңше, ең қиыны – өзгенің даусынан өз жүрегіңнің үнін ажырата білу. Қазір менің алдымда әлі де талай сұрақ бар. Бірақ бір дүниені түсінгендеймін: мамандықты біреу үшін емес, өзің үшін таңдау керек. Ал мен өзімнің кім болғым келетінін әлі білмеймін. Мамандық таңдау қиын іс…
Айшабибі КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
