Қазақстан Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті танымал әзілкеш Нұрлан Сабыров Қазақстандағы салық міндеттемелерін қалай орындап жүргені туралы ақпарат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Комитеттің мәліметінше, Нұрлан Сабыров 2023 жылғы 21 наурызда Қазақстанда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Оның кәсіпкерлік қызметінің түрі – концерттік қызмет.

Ведомствоның ақпаратынша, Сабыров 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде салық міндеттемелерін орындап келеді. Сабыровқа қатысты Қазақстанда салықтық әкімшілендірудің жалпы тәртібі қолданылады.

«Егер камералдық бақылау нәтижесінде Н.А. Сабыровтың жеке кәсіпкер ретіндегі қызметінде сәйкессіздіктер анықталса, мемлекеттік кірістер органдары салық заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілендіру шараларын қабылдайды», – деп хабарлады комитет.

Комитет сайтындағы соңғы мәлімет бойынша, Нұрлан Сабыровтың Қазақстанда салық бойынша берешегі жоқ. Ведомство ұзақ уақыт елден тыс болған кәсіпкерлердің Қазақстандағы қызметін жалғастыру тәртібін де түсіндірді.

Егер жеке кәсіпкерлік жабылмаған болса, қайта тіркелудің қажеті жоқ. Қажет болған жағдайда тек тіркеу деректерін (мекенжайы немесе қызмет түрі сияқты) жаңарту жеткілікті. Егер жеке кәсіпкерлік ресми түрде тоқтатылған болса, қызметті қайта бастау үшін жаңадан тіркелу қажет.

Сонымен қатар комитет кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыру тәртібін еске салды. Егер азамат Салық кодексінде көрсетілген талаптарға сәйкес келсе (мысалы, шетелдегі активтері немесе декларацияланатын табыстары болса), онда ол:

  • 250.00 нысаны бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны;
  • 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны белгіленген мерзімде тапсыруға міндетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!