Достық үйінде облыстық дін істері басқармасы­ның ұйымдастыруымен діни бірлестіктер клубы­ның жылдық қоры­тынды оты­рысы өтті. Аталған шара Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғы­на арналып, көп­ұлтты мемлекеттің бүгінгі бол­мысына баға бе­руге жол ашты.

«Қазақстан Республикасына 30 жыл: конфессияара­лық келісім моделін қалыптастыру жолдары мен жетістіктері» тақырыбындағы басқосу діни бірлестіктер арасында татулық пен тұрақтылықты одан әрі нығайту мақсатында ұйымдастырылған. Еркін форматта өткен шарада басқарма басшысы Қ.Жанұзақов сөз сөйлеп, діни бірлестіктер клубының мүшелерін мерекемен құттықтады.

– Егемен еліміздің татулық пен ынтымағы – бола­шақтың ұстыны. Бір шаңырақ астындағы ұлт пен ұлыс түрлі діни сенімде болғанымен, мақсаты бір, ол – Қазақстанның келешегін жарқын ету. Сондықтан бірлік пен татулық Тәуелсіз Қазақстанның мәңгі ұранына айналары анық, – деді басқарма басшысы.

Діни бірлестік жетекшілері мерейлі мерекеге орай ыстық лебізін білдіріп, татулықтың мән-маңызына ерекше тоқталды. Шара барысында Б.Қаржауова қыл қобыздан күй шертіп, С.Крюгер «Қазақ елі» және Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әндерін орындады.