Президент тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысында «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық акциясы бастау алды. Акцияға қаланың барлық мекемелерінің ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, волонтерлар, қоғам белсенділері, жастар мен қала тұрғындар белсене атсалысуда.

Тұрғындар өз аулаларын, кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдары жұмыс орны аумақтарын, мердігерлер бағдаршам маңын, аялдама павильондарын, жол белгілерін және қала көшелерінің басқа да инфрақұрылымдарын тазалауда.

Бұған дейін жарияланған екі айлық сенбілікте облыс әкімінің бастамасымен ескі арықтар мен магистральдық каналдар тазартылған болатын. Осы жұмыстармен қатар 8 мыңға жуық тал көшеттері отырғызылды.

Биыл 35 мың түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Арнайы құрылған «Жасыл-Қызылорда» мекемесі егілген жас өркендерді күтіп-баптауда. Басты мақсат – тазалық пен көгалдандыру.

Сондай-ақ қалада 2 га жер тазартылып, 3 көшеттік орын дайындалуда. Қазір бұл жерлерге суару арналары тартылып, 50 мың түп көшет отырғызылды. Алдағы уақытта 15 мыңнан астам көшет отырғызылмақ. Қызылорда-Астана бағытында салынып жатқан негізгі жолдың қос қапталына көшеттер отырғызылып, жасыл белдеу қалыптасады.

Қалада жалпы саны 828 көшенің 164-і жарықтандырылған. Биыл 54 көшені жарықтандыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде. Олардың жасалуы жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Қала бойынша 254 аялдама бар. Биыл 10 жаңа аялдама орнатылады. Оларды орнату бойынша конкурста жеңімпаз атанған мердігер белгіленген аумақта күнделікті тазалау жұмыстарын жүргізуде.

Облыс орталығындағы 52 саябақ-аллеяға ерекше күтім жасалған. Олардың аумағында тазалау, әрлеу және сырлау жұмыстарын байқауда жеңімпаз атанған мекеме жүргізеді.

Қалада суармалы су ағатын 12 магистральды канал бар. Сонымен қатар, қалаішілік арық жүйелері қалыптасты. Бұл каналдар мен суару арықтарын тазарту жауапкершілігі жаңадан құрылған «Жасыл-Қызылорда» мекемесіне жүктеледі. Сондай-ақ Сырдарияда 8 сорғы қондырғысы орнатылып, қалаға 33 жер асты суы ұңғымасы арқылы су ағып жатыр.

Өткен жылы облыс әкімінің келісімімен және демеушілердің қолдауымен 26 көпқабатты үйдің сыртқы бөлігіне заманауи материалдардан жасалған панельдер төселген болатын. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға тағы 32 көпқабатты үйдің сыртқы бөлігін жөндеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, өткен жылы облыстық бюджеттен және демеушілер есебінен 18 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылса, биыл 48 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын жаңарту жоспарда бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!