Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырағысыз белгісі. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынасында сауаттылығы соның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді.

Еліміз егемендік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес, себебі ол тіл сол мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни ол өнер, әдебиет, мәдениетте, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар т.б. салаларға дейін қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет.

Мемлекеттік тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, ол азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Түптеп келгенде, ол өңірдің, елдің ұлттық қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылығы мен интеллектуалды даму мәселесі де. Сонымен бірге мемлекеттік тіл – мемлекеттің бет-бейнесі, туы, Елтаңбасы, Әнұраны сияқты рәмізі. Ол – азаматтық патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі бола отырып, ел азаматтарын біріктіретін күш. Тіл – елдің мәдениетін қалыптастыратын ұйтқы, ұлттық бірліктің негізі, адамның рухани және имандылық қасиеттерінің басты факторы.

Тіл білу халықты, оның тарихын, тұрмысы мен әдеп-ғұрпын және салт- дәстүрлерін терең тануға жол ашады. Басқаларға ұлттық мемлекет ретіндетанылғымыз келсе, біз ең алдымен қасиетті ана тілімізді сақтауымыз керек. Тілі жоғалған күні ұлттың өзі де жоғалатыны белгілі. Тілін жоғалтып, артынан ұлт ретінде өшкен халық қаншама.

Біздің тіліміз ең ескі, тамыры тіптен тереңде жатқан тілдердің бірі. Мыңдаған жылдық тарихы бар сол тілді қайта жаңарту, оның қолдану аясын кеңейту, қасиетті тілімізді отбасы-ошақ қасынан төрге шығару міндетіміз деп білемін.

Д. Бадракова,
облыстық әділет департаментінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!