Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,  республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы. ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Әмірбек ШАЙМА­ҒАМБЕТОВ,  Полиция полковнигі. «ҚР Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері».

Марат Өтепханұлы. Бойы – бір метр алпыс сантиметр. Түрі ақсары. Көзі көк. Беті тырналған болуы мүмкін.

Оның аты-жөні мен түр-түсі иығына погон таққан полиция атаулының жадында жатталып қалған. Әрбір патрульдің қолында оның фотосы. Жедел топтың шалт қимылы арқасында көп ұзамай агенттердің бірінен хабар жетті. Дария жақта Приречная деген көшедегі бесқабатты жалғыз үйдің жертөлесінде тығылып жатыр-мыс. Жедел уәкілдер сол маңды торуылдап, хабардың анық екеніне көз жеткізген-ді, бірақ сол күні-ақ күдікті ізін суытып үлгеріпті. Қайтып ол маңға жоламай қойғаны. Жер жұтқандай ізім-қайым. Алайда полиция тарапынан іздестіру, тексеру бір сәтке толастамады. Қаладан шығып кетуі мүмкін деген күдікпен облыс бойынша тексеріс күшейген.

Арада аттай екі апта уақыт өтіп кетіпті. Қалалық ішкі істер бөлімі патрульдік тексерісті сонда да саябырсытқан емес. Қылмыскер не де болса, қала ішінде. Тығылып жатыр. Бір күні болмаса, бір күні құлағы қылтиятыны анық. Полиция біткеннің арманы соны ұстау. Сержанттар Рүстемов пен Савинков те солай. Қаңтардың 13-інен 14-іне қараған түні олар Панфилов көшесін бойлап, жүргінші жұртқа назар салып келе жатты. Жапалақтап қар жауып тұрған. Күн жылы. Аязы, сірә, ертең.

Сол сәт алдынан шыға келген бозбала бұларды көре сала, бір жағына тайқып, жылыстап ала жөнелсін. Сержанттар оның бұл қылығынан күдіктеніп, соңына түсті. Анау жалтақ-жалтақ артына қарап қойып, жүрісін жылдамдатып, дедектеп барады. Сірә, ұсақ карманщиктердің бірі болар. Әлде құлақшын алып қашатындардың сорты ма? Үйді айнала бере тұра қашты. Екі сержант екі жақтап қуып берген. Қойсын ба? Бұрышқа қамап ұстап, қолын қайырып, машинаға алып келді. Сөйтсе, құрықтағандары – Марат Өтепханұлы. Жер-көктен табылмай іздеуде жүрген адам. Бұл туралы ҚІІБ бастығы Мақсұт Ыбырайханұлына дереу хабарланды. Іле-шала Тастемір Сауранбайұлы да құлағдар болып үлгерді.

*     *     *

Жолсоқты боп келе жатса да көңілді. Енді ше, сот-биологиялық сараптама өзінің ойлағанындай болды да қойды. Әрі тез жасап бергенін айтсаңшы. Сараптама қорытындысы қолына тиісімен Алматы-Ақтөбе пойызына шығып кеткен. Тәулік бойы вагонда тербетіліп, Қызылордаға түскені жаңа. Темір жол бекетінде нөмірі бірінші автобус дайын тұр екен, соған отырып, басқарма ғимаратына келді. Бақыт Қайыркешқызы жұмыстан кете қоймапты, бұның сәлемін алар-алмастан:

– Экспертиза не болды? – деді. Алматыдағы сараптамаға кеткен Бақытханның оралуын асыға күткені жүзінен аңғарылып тұр. Бұл жауап берудің орнына сараптама қорытындысы жазылған қағазды портфелінен суырып алып, қолына ұстата қойсын. Қағазға асығыс көз жүрткен Бақыт Қайыркешқызының жанары жалт етіп, күліп жіберді.

– Тамаша!

– Осымен-ақ істі бітіре салуға болатын сияқты.

Десе де, сол айтқанына өзі ұялыс тапқан. Өлім жазасына кесілуге тиісті айыпкерге бұл айғақтың тым аздық ететінін білмейді емес. Біледі ғой. Бақыт Қайыркешқызы оның бұл сөзіне мән бермей:

– Бізде әлі алтын алқа бар ғой. Соны анықтайық, – деді.

Бақытхан Төлегенұлы үйге қайтып келе жатып, үзілген алтын алқа туралы ойға кетсін. «Қыздардың алқасы емес. Ата-аналары, туған туысқандары солай деп отыр. Пәтер иесі келіншекте де болмаған. Демек Өтепханұлының алқасы. Басқа не? Бірақ оның алқасы екенін қалай дәлелдейсің? Үйден алқа табылғанын ол әлі білмейді. Білмей тұра тұрғаны дұрыс. Менікі емес дейтіні сөзсіз. Оған оңтайлы ілік табу керек».

Бекзаттың тырнағы астынан алынған қырындыға Өтепханұлының бет терісі мен қаны сәйкес келді. Алматыдан көңілді қайту себебі сол. Ал мына бір алқа…

*     *     *

Бақыт Қайыркешқызы бар, Сәбит Қармысұлы бар, Болатхан Төлегенұлы бар, үшеулеп күдікті жігітті сол түні-ақ ортаға алған.

– Ал айта ғой, қанша іздедік, үйіңнен безіп қайда жүрсің?

– Біреуге ақша қарыз едім, содан қашып жүрдім. Ол аямайды мені.

– Приречнаядағы… дария жақтағы бесқабат үйдің жертөлесінде тығылып жатыпсың. Декабрьдің 30-ы күнін еске түсірші.

Өтепханұлының өңі өзгеріп сала берді. Онысы балауыз шырақтың сәулесімен-ақ аңғарылып тұр.

– Мен… мен о күні мас боп қаппын. Білмеймін.

– Есіңді жиғанда қай жерде жатыр екенсің? Подвалда ма?

– Иә, иә. Жо-жоқ.

– Асықпа. Саспа. Жайлап есіңе түсір. Шай ішесің бе? А-а, шай қайнатуға свет жоқ екен ғой. Жарайды су іше ғой. Қорықпа. Айта бер. Есіңді үйде жидың ба?

– Иә, иә.

– Үстіңдегі киімдерді есіңді жиған соң үйден алып кидің ғой.

– Иә, иә. Жо-жоқ.

– Не жоқ? Сенің үстіңде декабрьдің отызында көк спорт шалбары мен күртесі болды. Қайда ол киімің?

Өтепханұлы біршама уақыт тілсіз қалды.

– Білмеймін, – деді содан соң. Дауысы жердің астынан естілгендей құмығып шықты. – Есімде емес.

– Мәдинаны, Бағдатты, Болғанайды танисың ғой.

– Танимын. Досымның туыстары.

– Сол қыздарды біреу өлтіріп кетіпті. Естіген шығарсың?

Күдікті жігіт қалшылдап кетті.

– Неге қалшылдайсың?

– Аяп кеттім.

– Сол үйге түнде сен барыпсың.

– Барғам жоқ.

– Бармасаң неге тығыласың?

– Айттым ғой, біреуге қарызбын деп.

Өтепханұлымен алғашқы түнгі сұрақ-жауап осылай өрбіген. Келесі күні күндіз жауапқа тағы да әкелінді. Өңінде қан-сөл жоқ, құп-қу болып бозарып отыр. Жақ жүні үрпиіп кеткен.

– Бағдат туралы айтшы?

– Бағдат… Бағдат па…

– Әдемі қыз ғой.

– Әдемі шығар.

– Мәдинаға еріп келген қызды танисың ғой?

– Қай қыз? Білмеймін кімді айтып отырғаныңызды.

– «Қыз жібек» кафесін есіңе түсір.

– О жақта қыздар көп болды.

– Неше қыз?

– Әйтеуір көп.

– Жүз қыз болды ма?

– Одан аз шығар.

– «Қыз жібекте» Мәдина болған. Соның қасындағы қыз.

– Алмагүл ма? Танимын.

– Жаңа білмеймін деп едің ғой?

Өтепханұлы үндей алмай қалды.

– Бағдат сүйкімді қыз. Жігіттер қызықса қызығатындай ғой. Иә, оны сосын…

Сол күні кімдермен қанша ішкенін біртіндеп есіне түсірді. Тергеуші есептей келе:

– Жеті жүз грамм ішіпсің. Мысалы мен үш жүз грамм ішсем әжептәуір боп қалам. Сен қайта… маладес, – деді тергеуші Бақытхан басын шайқап. Оның аузына арақ тисе төбелес іздейді дегенді есіне алды.

– Ішіп алып төбелестіңдер.

– Таяқ жеп қалдым.

– Бөлмеде бірінші кім жатты? Алмагүл ма, әлде Мәдина ма? Ұйықтағанда. Есіңе түсірші.

– Бірінші Мәдина…

Өтепханұлы осыны айтып, тілін тістей алды.

– Маратжан, айналайын, жас кезде адамның бәрі қателеседі. Бәріміз де жас болдық, бәріміз де қателестік. Сен де жассың, қателессең, қателескен шығарсың. Біз саған көмектескіміз келеді. Оперлерге сол үшін бермей отырмыз. Оперлер сенімен біз сияқты сөйлеспейді. Олар сені сайратады. Өйтіп қинап не керек, біз бәрін біліп отырмыз. Біреуге қарыз ем, содан қашып жүрмін дегенді қой. Ол бос әңгіме. Кімге қарызсың деп сұрағым да келмейді. Сұрасам айта аласың ба? Айта алмайсың. Одан да шындыққа кел, уақытты созбай өзің мойындасаң, жазаң жеңілдеу болады. Сенің оларға қастығың болған жоқ қой. Мастықпен білмей қалдың ғой, – деді Бақыт Қайыркешқызы.

Өтепханұлы басы салбырап, бірауық үнсіз қалды да, кенет солқылдап жылап жіберді. Иығы селкілдеп, әуелі үнсіз жылады. Тоқтай алмады.

– Мен қателестім… мен мастықпен есімді білмей қаппын… – деп еңіреді.

Бақыт Қайыркешқызы мен Бақытхан Төлегенұлы оны жұбатпады. Көкірегін әбден босатып алуын тосып, соңын күтті.

*     *     *

Әуелгі барғанда есікті Бағдат ашқан-тұған. «Қанат үйде жоқ» дегесін, сөзге келмей, бұрылып жүре берген. Есікті екінші рет қай уақытта ұрғаны есінде емес. Жанында Рома, Роман Тепляков бірге келе жатты. Жанжалдасқан жігіттерден таяқ жеп қалғанын біледі. Іші қазандай қайнайтыны содан. Кек алмай қалай тыншиды? Тыншу жоқ қой. Олардың бетін бір қайырса, Қанат досы ғана қайырар еді. Осы оймен 62-інші пәтерге алқынып жеткен. Алқынып жетсе де, есін тез жиып, есікті ақырын тықылдатты. «Бұ кім?» деген дауыс шықты іштен. «Мен, Марат!» «Қанат жоқ. Бүгін келмейді!» «Келем деген. Ашыңызшы».

Қызыл гүлді халат киген Мәдина көрінді. Бұл бұрын Қанатпен бірге келіп жүрген әдетіне басып, баса-көктеп ас бөлмеге өтті. Соңынан ере кірген Мәдинаға:

– Бір жерге ұйықтайыншы, а. Қанат келгесін кетем, – деді жалынғандай.

– Спальныйда диван тұр. Соған бар! Ұйықта! Тықырлата берме, – деді Мәдина нағашы ағасының досына кеңшілік жасап.

– Иә, иә, ұйықтаймын. Тықырлата бермеймін, – деді бұл басын шұлғып.

Қыздар жатқан залдың төрінде екі есік – екі жатын бөлме. Мәдина нұсқаған сол жақтағысына бұрыла беріп қаз-қатар тізіліп жатқан қыздарға көзін салып өтті. Мәдина бергі шетке қисайыпты.

Диванға сылқ құлаған бойда, көзі ілініп бара жатты да, селк етіп оянып, көзін ашып алды. Рома есіне түскен-ді. «Кетпей, күтіп жүр ме екен? Жоқ, ол күтпейді. Қанаттан қорқады ол. Кетіп қалған шығар. Кетсін! Барсын! Құрысын!» Бағдатты ойлады. Әдемі қыз. Бұрын қалай байқамаған. Бағана маған қарап жымиды ғо… Орнынан жылдам тұрып, есікке таяу барды. Аяғының ұшымен басып, тықырлатпай жүруге тырысқан, бірақ бір жағына ауып кетіп, қабырғаны сүзіп өтті. Құлағын төсеп, тың тыңдады. Тым-тырыс. Бәрі ұйқыда.

«Оянып кетсе су ішуге бара жатырмын дей салам» деп ойлады. Еппен басып, ас бөлмеге өтті. Су ішті. Су ішіп тұрып есіне Бағдатты алды. Төсегі төрде екені есінде. Жанына барып жата тұрайын. Бағана маған қарап күлді ғой… Есіл-дертін шырмап алған осы ой шыдатпай оны Бағдатқа қарай итермелей берді. Кухняға көше жарығы өлімсіреп жетіп тұр. Қыздар жатқан бөлме олай емес, қараңғы. Ас бөлмеден қолына пышақ ұстай шықты. Неге алды? Білмейді. Мастығы тарқамаған. Қабырғаны сүйкеп Бағдатқа жетті. Жанына қисайып, аз-кем тың-тыңдады. Дем алысы білінбейді. Қызық. Қыздар қалай тым-тырыс ұйықтайды, а? Жантайып жатқан күйі көрпе астына сұққан қолы Бағдаттың бұлтиған кеудесін тапты. Сол сәт қыз селк етіп оянып кетіп, бұлқынып берсін. Айқайлауға үлгертпей, кеудесіне мініп алып, аузын алақанымен жаба қойды. Тыныштала ма деп еді, анау қоятын емес, «жат тыныш… өлтірем» деді құлағына сыбырлап. Сол қолы қыздың аузында, екінші қолындағы пышақты алқымына батыра тіреді. Қыз болса, босап кеткісі келіп, басын шайқай берді. Сол сәт есік жақтан «Әй, не істеп жатсың?» деген ащы айқай шаңқ етіп оқыс шықсын. Осы айқай тұла бойындағы долы мінезін оятып жіберіп, еңсесін тіктеп алды. Өзіне қарай қабыланша атылған қарайғанға жан дәрмен пышақ сілтеп қалды. Қара қабылан жығылып түсті. Тақымының астында бұлқынып жатқан тазы боп сезілгені. Тұншыға қыңсылап, шеңгелін салып аяусыз тырналап жатыр. Босап кетсе талап тастары анық. Жанталасып басынан ұра беріпті, ұра беріпті. Ол қимылсыз қалып еді, жанына қарауытқан әлдеңе жақын кеп қалғанын байқады. Жағасынан ала кетіп, баспен соқты. Өзінің де көзінен ұшқын төгіліп, шөгіп отыра кеткен екен, дәл жанынан шыңғырған тосын дауыстан шошынып, басы шыр көбелек айналып ала жөнелсін. Бір бүйірге қисайып құлап бара жатып қолына былқ етіп, әлдеңе ілікті. Соны ала салып, шыңғырып жатқан түсініксіз мақұлықты үстіне жығыла кетті. Оның қалжасы шағын көрінді, бірер әлсіз бұлқынып барып тыншыды. Одан арғысы бұлыңғыр.

Бір мезгілде есін жиса, бет-аузы дуылдап ашып барады. Оң қолының алақаны да шым-шым сыздайды. Өзінің қайда жатқанын білмей, бірауық аңтарылып, түкті де түсінбей отырып қалды. Басы істеп тұрған жоқ. Жан-жағына үңіліп қараса, мәссаған… шошып кетті. Қанаттың үйі.Сипалап жүріп түймені тапты да, сырт еткізіп еді, жарық жанбады. Қалтасында газды шақпақ бары еске түскені сол кез. Шақпақтың жыланкөз жарығын жағып кеп қалғанда Бағдаттың қан-жоса болған бетін көрді. Көзі аларып қатып қалыпты. Жүрегі шаншып өтті. Сасқалақтап, айналдыра түсірген жарығы әр қыздың жүзіне бір-бір аялдайды. Көкірегі суынып бара жатты. Өліп қалған. Бәрі. Төртеуі де. Өзінің де үсті-басы қан-қан. Төбе шашы тік тұрды. «Қанат өлтіреді! Турап тастайды!» Басына алғаш келгені осы ой. Арақ ішсе есінен танып қалатыны бұл бір емес, талай болған. Талай рет төбелес шығарған, талай рет өзі де өліп қала жаздаған. Ақыры мынау…

Қайтерін білмей, ақылы алжасып, можып отырып қалыпты. Таң жақын қалғанын терезеден байқалған бозамық сәуледен аңғарғанда ғана бұл арадан қарасын тезірек батыру керегін ұққан.

(Басы өткен санда. Жалғасы бар)

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!